Атырау, 5 мамыр 00:25
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +12
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Жылға жақын уақыт өтті, Мақатта әлі бензин жоқ

Сурет Бейнежазба
3 292 просмотра


Өткен жылдың сәуірінде 15 мыңға жуық халқы бар Мақат кентінде жанар май құю бекеті жұмыс істемей қалған. Сол кезден бастап жергілікті көлік жүргізушілер бензин үшін 30 шақырым жердегі Доссор кентіне баруға мәжбүр. Шыдамның да шегі бар демекші, қырыққа жуық мақаттық  бұрынғы «Қазмұнайгаз» жанармай құю бекетінің алдында жиналып, БАҚ өкілдерін шақырды.

Бұл  кенттегі жалғыз жанармай құю бекеті еді, өйткені жеке кәсіпкерлердің ірілі-ұсақты бірнеше бекетін құқық қорғау органдары заңға қайшы деп жауып тастаған. Ал 2019 жылғы көктемде «ҚазМұнайГаз» ҰК елдегі барлық 337 бекетті «Petro-Retail» ЖШС-іне сатты. Жаңа компания өңірлердегі кейбір бекеттер жұмысын тоқтатып, коммерциялық тиімділігіне талдау жасаған тәрізді.  Осыдан бері кенттегі 2 мыңнан астам көлік иелері Доссор кентіндегі «Гелиос» бекетіне барып жүр.


- Бұрын жеке кәсіпкерлер бекеті жұмыс жасаған кезде бізде таңдау болған. Қазір мүлдем бензинсіз қалдық,- дейді кент тұрғыны Марғат МӘЖЕНОВ

- Мен таксистпін. Бұрын азын-аулақ табыс табатынбыз, енді қиындап кетті. Өйткені Доссорға бензинге барып келудің өзі үлкен шығын,-дейді Қуат ШӘКИЕВ.

Әкімдіктен келген өкіл жиналушыларды мәдениет үйіне шақырды:

- Бұл жерде митинг өткізуге болмайды. Мәдениет үйіне жүріңіздер.

Бұл жерде наразылық танытушыларды Мақат ауданы әкімі Шәкір КЕЙКИН, депутаттар мен «Petro-Retail» ЖШС өкілі күтіп отыр екен.

Шәкір КЕЙКИН мен Аққали ДҮЙСЕНБАЕВ

- Әкімдік те жанармай керек болса, Доссорға барады. Өткен жылы иесінің өзгеруіне байланысты  Мақат пен Доссор кентіндегі жанармай құю бекеттері күрделі жөндеуді қажет еткесін жабылып қалды,- деп атап өтті Ш. Кейкин - Жағдай сын көтермейді. Біз жеке кәсіпкерлерге қосымша жанармай құю бекетін ашуға ұсыныс беріп отырмыз. Оған жер дайын.

«Petro-Retail» ЖШС Атырау филиалы басшысының орынбасары Аққали ДҮЙСЕНБАЕВ:

- 12 жыл бұрын пайдалануға берілген жанармай резерваурлары жұқарған, үгітіліп тұр. Енді оны күрделі жөндеуден өткізбесе болмайды, бұл үшін 2 рет тендер өтті. Енді жеңімпаз анықталды, келесі аптада жөндеу жұмысы басталады, біз Мақат кентіндегі бекеттен бастауды жөн көріп отырмыз, сәуір айында іске қосылады.


Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

10 ақпан 2020, 14:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.