№2 Атырау қалалық соты «Дина», «Сарайшық» және «Көктем» базарларында өзбекстандық саудагерлерді бопсалап, ақша алды деп айыпталған адвокатқа, полицейге және жергілікті төрт тұрғынға қатысты үкім шығарды. Естеріңізге салсақ, өткен жылдың 22 қыркүйегінде ҰҚКД қызметкерлері жергілікті адвокатты, содан кейін оның үш қызметкерін, учаскелік полиция инспекторының көмекшісін және Атырау қаласының жұмыссыз тұрғынын ұстаған еді.
Сотта анықталғандай, облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Е.А. және оның заңды кеңсесінің үш қызметкері өткен жылдың ақпан-наурыз айларында қала базарларын аралап, Ресейдің «Хрюши против» жастар ұйымына еліктеп, сауда ережелерінің бұзылуына қарсы күрескен, әсіресе, олар өзбектерді көп жағалаған. Саудагерлерден тауарларының сертификатын ұсынуды талап етіп, мұны ұялы телефондарының камераларына түсірген, әдетте, ондай сертификаттар саудагерлерде жоқ болатын еді. Содан кейін бейнежазбаны облыс әкімдігінің Telegram-каналына жіберіп отырған. Көп ұзамай тексерулер мен айыппұлдардан шаршаған саудагерлер аяушылық жасаңдар деп жалбарынады. Сол кезде осы оқиғаның желісі басқаша өрбиді: атыраулық «хрюшалар» оларды жайларына қалдырып, бұл үшін олардан жүйелі түрде 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін ауызбастырық алып отырған. Ал қыңырлық танытқандарын өздеріне сыбайлас - учаскелік полиция инспекторының көмекшісіне тірек пунктіне жөнелткен. Ол жерде оларды депортациялаймыз деп қоқан-лоқы жасаған.
Заңгерлер мен полицейлер сотта Қылмыстық кодекстің 194-бабы ("Бопсалау"), учаскелік инспектор көмекшісі 361-бабы ("Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану") және 114-бабы (Денсаулыққа абайсызда зиян келтiру) бойынша, ал әйел 419-бабы (Көрiнеу жалған сөз жеткiзу) бойынша айыпталды. Әйел кеңес алу үшін олардың кеңсесіне көмекке жүгініпті – ірі мөлшерде қарызы бар болғандықтан шетелге шыға алмаған екен. Заңгерлер оған қарызды өндіріп алумен айналысатын сот орындаушысы өзін зорлады-мыс деп арыз жаздырған.
- Тергеу барысында сотталушылар кінәларын мойындап, жәбірленушілерге мүліктік залалды толықтай өтеп, іс бойынша жинақталған дәлелдерге қарсы болмай, прокурордың, жәбірленушілердің, сотталушылардың және олардың адвокаттарының қатысуымен кінәсін мойындау туралы мәміле түрінде іс жүргізу келісімін жасады, - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Олар ҚР Қылмыстық кодексінің жоғарыда аталған баптары бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысы 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Фархат ӘБІЛОВ