Атырау, 23 қараша 13:57
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Мен 60-пен жүрдім, бәлкім одан сәл асырған болармын»

Сурет Бейнежазба
5 704 просмотра


№2 Атырау қалалық сотында өткен жылдың 21 қыркүйегінде Баймұханов көшесінде жасөспірімді қағып өлтірген Toyota Camry-50 көлігінің 22 жастағы жүргізушісіне қатысты сот процесі жалғасуда. Жәбірленуші тарап «Тойотамен» жарысты ұйымдастырушы деп кінә таққан қара «Мерседес» жүргізушісінен негізгі куәгер ретінде жауап алынды.

Сот процесі ашық болғанымен төрағалық етуші судья Жұмағали ТАШИМОВ журналистерге куәгерлердің тегін жариялап, түрін көрсетуге тыйым салды. Жәбірленуші тараптың өкілдері мұндай тыйымға қарсылық білдірді, ал куәгер мұны өзіне қатысты «жұртшылықтың жаман пиғылы» пайда болғанымен түсіндірді. «АЖ» тілшісіне процестегі бұл қызықты "қайшылықты" облыстық сот және ҚР Жоғарғы соты түсіндіріп беруге уәде етті. 


Прокурор Гүлфайруз ҚҰСАЙЫНОВА «Мерседес» жүргізушісінен оқиғаның қалай болғанын айтып беруді сұрады.

- Сол күні мен Атырау теміржол вокзалынан досымның туысқандарын күтіп алу керек едім. Баймұханов көшесінде мен қатты жылдамдықпен келе жатқан «Тойотаны» көрдім. Оның жүргізушісі маған жол бер деп сигнал берді. Артынша мен алыстан жаяу жүргіншіні көрдім де, жылдамдықты бәсеңдетіп, оны өткізіп жібердім. Одан кейін мен өз жұмыстарыммен кете бардым. Не болғанын білгенім жоқ. Кейін барып жаяу жүргіншіні қағып өлтіргені туралы естідім. Ешқандай жарыс болған жоқ. Мен өз жөніммен кетіп бара жатқан адаммын, - деді куәгер.

- Сіз бұрын сол сәтте қандай жылдамдықпен жүріп бара жатқаныңызды білмеймін дедіңіз бе? – деп сұрады прокурор.

Куәгер: Шамамен бұл  сағатына 60 шақырым шамасында болды. Бәлкім, жылдамдықты сәл арттырған болармын. 

- Мынау сіздің машинаңыз ба? Құжаттары бар ма?

Куәгер: Досымның туысқанының машинасы. Құжаттардан тек сақтандыру полисі ғана болған жоқ.

- Сіз айыппұлды төледіңіз ба?

Куәгер: Иә, барлық айыппұлды төледім.  

Мемлекеттік айыптаушыдан соң жәбірленуші тараптың өкілі Әсел НҰРҒАЗИЕВА өз сұрақтарын қойды.

- Сіз бұрынғыша сағатына 60 шақырым жылдамдықпен жүрдім деуден танбайсыз ба?

Куәгер: Бәлкім сәл асқан болар.

Нұрғазиева: Неге сіз тергеу кезінде өтірік айттыңыз?

Куәгер:  Мен еш жерде жалған сөйлеген жоқпын.

Нұрғазиева: Сараптама сіздің сағатына 137 шақырым жылдамдықпен жүргеніңізді көрсетті. Сіз 60 шақырым мен 137 шақырымның айрмашылығын түсінетін боларсыз?

Куәгер: Иә, білем. Бірақ мен ондай жылдамдықпен жүрген жоқпын.

Нұрғазиева: Сіздің үстіңізден жалған жауап бергеніңіз үшін қылмыстық іс қозғалды. Сіз ол туралы білесіз бе?

Судья адвокаттың өтінішімен бұл сұрақты алып тастады. 

Нұрғазиева: Сіз жалпы бұл қайғылы оқиғаға қатысты өз жауапкершілігіңізді сезініп тұрсыз ба?

«Мерседес» жүргізушісі: Бұл оқиғаға қатысты менің кінәм жоқ. Мен жарыс ұйымдастырғаным жоқ, қасақана ештеңе істегенім жоқ.

- Жарысты кім бастады? – деп сұрады куәгерден қайтыс болған Нұртанның әкесі.

Куәгер: Жарыс болған жоқ.

Нұртанның әкесі:  Қалайша болған жоқ? Сен 137 жылдамдықпен, ал ол 145 жылдамдықпен жүріп келе жатты. Мұның бәрі тіркеліп тұр. Менің баламды бөлшектеп тастадыңдар. Сендердің кесіріңнен менің балам өліп кетті!

Куәгер: Бұл енді кінә тағу. Оны көрген кезде мен жаяу жүргіншіні өткізу үшін жылдамдықты азайттым. Ол менің жолағымнан өтіп кетті.

- Соттан мына азаматты жалған жауап бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұраймын, - деп өтініш білдірді Нұрғазиева. – ЖКО жазылған камера жазбасынан «Мерседестің» жүргінші өтетін жолда Нұртанның жанынан асқан жылдамдықпен өте шыққаны көрініп тұр. Ал шамалы секундтан соң «Тойота» асқан жылдамдықпен оны қағып өтті. Сараптама «Мерседестің» сағатына 136,2 шақырым жылдамдықпен жүріп өткенін анықтады. Оның жолы болып кетті. Ол бұған дейін тергеуде жалған сөйлеп келді, енді сотты да алдап отыр.

Нәтижесінде бұл өтінішті сот кейін қарастыратын болып шешті. 


Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген автор

21 қаңтар 2020, 17:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.