Атырау, 24 сәуір 14:51
 ашықВ Атырау +19
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Атырауда табылған нәрестенің аты мен тегін емдеуші дәрігер қойды

3 122 просмотра


Атырау полициясы жылу желісі бойына жаңа туған нәрестесін қалдырып кеткен көкек ананы әлі де іздестіруде. Облыстық балалар ауруханасы дәрігерлерінің айтуынша, қыз бала қатты тоңып қалған, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.

- Мен оны кездейсоқ тауып алдым. Өзім төртінші қабатта тұрамын, қан қысымым жоғары болғандықтан, терезені жиі ашамын, - дейді сәбиді тауып алған Авангард-3 ықшамауданының тұрғыны Надежда Пали. - Көшеден баланың жылғаны естілді. Алғашында анасы баласын тыныштандыра алмай жатқан болар деп ойладым. Бірақ, сәби жылауын тоқтатар емес. Киініп алдым да, сыртқа шықтым. Құдыққа қарай жақындасам, екі құбыр арасында оралған бірдеңе байқадым. Ашып қарап, шошып кеттім. Тіпті айқайлап жіберіппін. Дереу үйге әкелдім де, диванға салып, көрпеге орап, милиция мен жедел жәрдем шақырдым. 

- Баланың дене температурасы өте төмен болды - 32 градус. Қатты тоңып қалғаны көрініп тұр. Қыздың туа бітті аурулары жоқ. Ол бұл дүниеге айы-күні жетіп келген: салмағы 3,3 кг, бойы-50 см, - дейді Атырау облыстық балалар ауруханасының бөлімше меңгерушісі Ғалым ЕМБЕРГЕНОВ.Сәбиді  күтуге арналған аппаратқа орналастырып, оттегі қостық. Оның жағдайын тұрақтандыруға қол жеткіздік.

Бір қызық жайт, бала ауруханаға дәрігер Ғалым Ембергеновтің туған күнінде жеткізілді. Заң бойынша бастапқы құжаттар үшін сәбидің ең болмағанда уақытша болса да аты-жөні болу керек, сондықтан Ғалым оны Галымова деп өз тегіне жаздырды.

- Мен төрт қыздың әкесімін, әзірге ұлым жоқ. Сондықтан да қазақтың салты бойынша оған келесіміз ұл болсын деп Ұлдана деген есімді таңдадым, - деп күлді Ғалым.

Атырау облысының полиция департаменті «Қауіпті жағдайда қалдыру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, өзге де мәліметтер тергеу мүддесіне қатысты жарияланбайды деп түсінік берді. Ескере кететін жағдай, Ұлдана табылған жерде бейнебақылау камералары бар.


Фархат ӘБІЛОВ 

Бейнежазбаны түсірген автор

17 қаңтар 2020, 17:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.