ТАЭКВОНДО
Тасқала ауылындағы №3 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің залында (БЖСМ) таэквандодан Құрманғазы ауданында секция ұйымдастырған қара белдік иегері Нұрбақыт Шайхиевті еске алуға арналған облыстық турнир өтті.
БЖСМ-3 аға бапкері Асқар Тоқтабаевтың айтуынша, өз салмақ дәрежесі бойынша Алпан Мағжан, Амира Өтемұрат, Данила Бандоренко, Ахмед Асхатұлы, Айтпағамбет Мәжит, Бақытжан Темірлан, Зинура Хамраева, Азахмет Аймын және Аяна Дәулетбаева турнир жеңімпаздары атанды.
МУАЙ-ТАЙ
Муай-тайдан Әбу-Дабиде өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жеңіп алған алқа саны бойынша жекпе-жектің осы түрінің негізін салушы елден озып кетті. Бірінші командалық орынды Иран, екінші орынды Қазақстан, 3-орынды Тайланд құрамасы алды.
Ұлттық құраманың жетістігіне атыраулық спортшылар да өз үлестерін қосты. Олардың еншісінде - бір алтын және бір қола алқа бар. Әбіл Ғалиев тартысты өткен финалдық жекпе-жекте БАӘ өкілі Нуридин Самирден басым түссе, Аида Хайруллина қыздар арасында қола жүлдеге ие болды.
Muaythai.kz сайтынан алынған сурет
ДОЙБЫ
№27 мектептің спорт залында жеке және командалық есепте 64 шаршылық дойбыдан қалалық турнир өтті.
Өз жас ерекшеліктері бойынша Жанель мен Ажар Әдиет, Зейнеп Темірбай, Нұрсат Әміржанұлы, Мирас Рахметолла және Ерназ Шұбақов жеңімпаз атанды.
Командалық есепте 1-орынды №25 орта мектеп, 2-орында №31 мектеп, 3-орынды №23 орта мектеп алды.
ФУТЗАЛ
APEC Petrotechnic колледжінің спорт залында жекеменшік футбол мектептерінің 2011-12 жылғы оқушылары арасында қалалық турнир өтті.
Турнирге 10 команда қатысты. Бірінші жартылай финалда «Фалкон» «Атырау-1» командасын 3:0 есебімен жеңді, екінші таймда «Олимпик» «Атырау-4» командасындағы құрдастарынан 2:1 есебімен басым түсті. Ал финалда «Фалкон» «Олимпикті» 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Шабуылшы Наиль Аманжолұлы, қақпашы Жалғас Әділ, ойыншы Данияр Юсупов, қорғаушы Максим Безгаймер турнирдің ең үздік ойыншылары атанды.
ХОККЕЙ
Алматыда 2008 жылғы жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатының 2-туры өтті. Оған 8 команда қатысты, оның ішінде атыраулық «Бейбарыс» командасы да бар.
Атыраулық спортшылар 3-орын алды, ал «Бейбарыс» ойыншысы Ибрагим Маликов үздік қорғаушы деп танылды.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ