Атырау, 26 сәуір 10:26
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Спорт жаңалықтары

4 534 просмотра

ЖҮЗУ


Атырау облысының командасы халықаралық "Nur-Sultan Open" турнирінде 11 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлде  иеленді. Турнир Ресей мен Қазақстанның көптеген облыстарынан келген 250-ден аса спортшының басын қосты.

Диар Ғизатов 50, 100, 200 метр қашықтықта еркін жүзу, 50, 100, 200 метр қашықтықта арқамен және 50, 100, 200 метр қашықтықта брасс әдісімен жүзуде алда келді. Жас чемпион турнирдің ең үздік спортшысы болды. Альмира Қадырбай 50, 200 метр қашықтықта еркін жүзуден жеңіске жетсе, 100 метр қашықтықта екінші келді.  Әлихан Құтлымұрат  100 метр қашықтықта баттерфляй және 200 метрде арқамен жүзуден «қола» жүлдеге ие болды.

Балалардың жаттықтырушысы Иван Галкиннің айтуынша, олар жоғары деңгейлі жүзушілерді дайындайтын жеке бағдарлама бойынша жаттығады.


САМБО

Қостанайда 2006-09 ж.т. жасөсіпірімдер арасында республикалық турнир өтті. Жарысқа 10 спортшыдан құралған №1 БЖСМ командасы  қатысты.

Олардың үшеуі қола медалға ие болды: Расим Базарбай (35 келіге дейінгі салмақта),  Нариман Мұқан (38 келіге дейінгі салмақта) және Аманжан Аманғали ( 46 келіге дейінгі салмақта).


ЕРКІН КҮРЕС

Павлодарда Қазақ КСР спорт шебері, академик Жанат Усинді еске алу құрметіне орай мемориал өтті. Онда келесі жылы Үндістанда ақпан айында өтетін Азия жастар чемпионатына іріктеу жүргізілді.

Жарыс алдында 65 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионы, әлем чемпионатының жүлдегері атыраулық  Талғат Сырбаз басты үміткер атанған. Ол  сенімді ақтады. Талғат алматылық Қуаныш Жақсыбайды, өскемендік Самат Қалтаевты  және Тараздан келген Ермек Бакдаулеттен басым түсті. Ал, ақтық мәреде астаналық Ривад  Саибаталовты жеңді.


ШАХМАТ


Алматыда ҚР Тәуелсіздік күніне арналған балалар мен жасөспірімдер ашық турнирі өтті. Турнирде №1 БЖСМ тәрбиеленушісі жеті жасар Рахманберді Әлиасқар жақсы нәтижеге қол жеткізді.

Мүмкін болған 9 ұпайдың жетеуін иеленген ол 3-орынды жеңіп алды. Осылайша ол І ерлер разрядының нормативін орындап, Атырауда өз жасы бойынша бірінші шахматшы атанды. Мектепте үздік оқиды және математика олимпиадаларының жеңімпазы. Шахматпен айналысқанына екі жыл болды. Бапкері С.Гайсиннің  сөзіне қарағанда, жас шахматшының алдында жауапты турнир күтіп тұр. Алда 8 жасқа дейінгі ұлдар арасында еліміздің чемпионаты өтпекші, мұнда Әлиасқар әлем және Азия чемпионаттарына жолдама алу үшін бақ сынайды.


КҮРЕС

Қарағандыда Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіровті еске алуға арналған күрестің барлық түрінен республикалық турнир өткізілді.  

Жарыста 70 келіге дейінгі салмақта «күміс» медальды атыраулық спортшы Нариман Кенғали жеңіп алды. Ол ҚР спорт шебері нормативін орындады.


ДЗЮДО

Х.Досмұхамедов атындағы АМУ "Жайық" ДСК ҚР Еңбегі сіңген жаттықтырушысы М.Әбдуәлидің 60 жылдығына арналған жасөспірімдер арасында республикалық ашық турнир өтті.

Жарысқа Әзірбайжан, Дағыстан, Ингушетия республикасы және Қазақстанның батыс облыстарынан келген командалар қатысты. Ұйымдастыру комитеті атынан мерейтой иесіне «Нива» автокөлігінің кілті табыс етілді.


КАРАТЭ

Шымкентте каратэ-до шотокан бойынша жапониялық шебер Муракамидің жетекшілігімен оқу-жаттығу семинары болды. Оған Атыраудан "Жолбарыс" спорт клубының тәрбиеленушілері қатысты.

Каратешілер алған білімдерін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алды. Семинардан соң олар үшін Қазақстан кубогі басталды.    "Жолбарыс" командасының қоржынына 1 күміс және 5 қола ілінді. Бекзат Сайнов, Дарын Жағыпар, Мадина Бақытова, Алина Өсербай, Гүлназ Өсербай, Азиза Исабековалар ерекше көзге түсті.  Сондай-ақ, жеңіске деген асқан жігерді Зарина Асқарқызы, Ақбота Тілекқабыл, Мейірбек Мардан, Жаңыл Жәнібек және Әділет Жолдыбай көрсете білді.

«Жолбарыс» спорт клубының жаттықтырушылары мен тәрбиеленушілері қолдау көрсеткені үшін «КуанТрансЛогистикс» ЖШС алғыстарын білдіреді.  


ГРЭППЛИНГ

Нұр-Сұлтанда грэпплинг бойынша өткен ҚР кубогінде облыстық джиу-джитсу федерациясының тәрбиеленушілері жақсы нәтиже көрсетті.

47 келіге дейінгі салмақтағы 14-15 жас тобында «алтынды» 4 жекпе-жекте жеңіске жеткен Айдын Атауов жеңіп алды, ал 42 келіге дейінгі салмақ бойынша 12-13 жас тобында Бекболат Дамир күміс жүлдегер атанды. 16-17 жас тобында 50 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Амангелді Арсен «қоланы» иеленді. 

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

12 желтоқсан 2019, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.