Береке ықшамауданындағы жаңа берілген көп пәтерлі үйде су құбыры жарылып, бірнеше пәтерге су кеткені бейнеленген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады. Дымқыл дақ, тіпті, үйдің қасбетінен анық көрініп тұр.
Жақында бұл үйден кезекте тұрғандар, сондай-ақ «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасына қатысқан тұрғындар пәтер алды.
- Су шелектеп ағып жатыр. Біз жаңа ғана пәтер алғанбыз, көшіп келсек, осы! – дейді ашуланған Береке тұрғыны.
Атырау әкімдігі хабарлағандай, жаңа үйлердің кепілдік мерзімі екі жыл және құрылысшылар бұл жағдайды түзеп, су басқан пәтерлерді ретке келтіруге міндеттенді.
Былтыр да осыған ұқсас жағдай орын алды. Берекедегі пәтерлердің бірінде дәл мерекелі дастарханның үстіне төбедегі сылақ бөлшектері түскен болатын. Қонақтар шошып, ыдыстар сынған еді.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Береке ауылында 9 қабатты 72 пәтерлі 13 үй және Нұрсаяда 8 тұрғын үй бой көтеруде. Коммуналдық тұрғын үйлерді жобалау, салу және қайта жаңарту бағдарламасы бойынша Береке ықшамауданындағы құрылысқа 3 млрд. теңге бөлінді.
Кейінірек Атырау облысының әкімдігі «Қоныс тойын тойлайтын күні адамдар қолдарына сүлгі алып, үйлерін тазалап жүрмеуі керек» деген баспасөз хабарламасын таратты. Хабарламада көрсетілгендей, Атырау әкімінің орынбасары Ринат Жанглишов осы мәселе бойынша жаңа тұрғын үй тұрғызып жатқан мердігерлік құрылыс ұйымдарының басшыларымен шұғыл кеңес өткізіп, «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында салынған нысандарды сынға алды.
«Екі үйдің тұрғындары су температурасының өзгеруіне байланысты құбырдың жарылуынан зардап шекті. Бір төтенше жағдай жертөледе орын алып, тұрғындар тәулік бойы ыстық сусыз отырды. Екінші жағдайда құбыр қабырғаның ішінде жарылып, төмендегі бірнеше пәтерлерге су кеткен. Сондай-ақ бір үйдің қасбетін ылғал алып кетті.
- Өздеріңізге белгілі, бүгін біз 144 отбасыға жаңа пәтердің кілтін табыстадық. Кейбір тұрғындар пәтерлерге кіріп, едендер мен төбелерді су алып кеткенін көрген. Сіздің мамандарыңыз алдын ала инженерлік коммуникацияларды неге тексермеген? Қоныс тойын тойлайтын күні адамдар қолдарына сүлгі алып, үйлерін тазалап жүрмеуі керек, - деді Ринат Жанглишов құрылыс жүргізушілерге.
Атырау әкімінің орынбасары мердігерлік ұйымдарға су құбыры желілерінің барлық ақауларын қысқа мерзімде жоюды тапсырды. Қалалық ТКШ басшысына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау бөлімімен бірлесіп, зардап шеккен пәтерлерге техникалық тексеру жүргізіп, нәтижесін жауапты тұлғаларға хабарлау міндеттелді.
Фархат ӘБІЛОВ
Әлеуметтік желілерден алынған бейнежазба