Атырау облысында «Жәрдем» медициналық пойызының мамандары Меньер ауруы және басқа да сирек кездесетін ауруларды анықтады.
«Жәрдем» мамандандырылған медициналық пойызы Қазақстанның алты облысын аралайды. Пойыздағы дәрігерлер теміржол станциясы мен жақын маңда орналасқан ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық және консультативтік-диагностикалық көмек көрсетеді. Өңірімізде заманауи медициналық жабдықтармен жарақталған пойыз Нарын, Сағыз, Ескене және басқа да 9 станциядан өтті. 14 214 адам дәрігерлерге, оның ішінде 2614-і - терапевтке, 1570-і невропатологқа, 1531-і отоларингологқа, 1319-ы офтальмологқа, 1201-і стоматологқа қаралды. 2614 адам ЭКГ-ге, гастроэндоскопияға, флюорографияға түсіп, ультрадыбыстық тексеруден өтті.
Дәрігерлер әр өңірдегі жергілікті ерекшелікті атап өтті. Атырау облысынан дәрігерлер созылмалы пиелонефрит, бронхит, қант диабеті, остеохондроз, аллергиялық ринит, кереңдік және жатыр эрозиясы ауруларын жиі кездестіргендерін айтады.
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ
Монорхизм – туа бітті бір аталық ұрық безінің болмауы.
Меньер ауруы - ішкі құлақтың қабынуға жатпайтын ауруы, бас айналып, құлақ шуылдап, есту қабілеті төмендейді.
Оларға төтенше жағдайлар да кездескен. 17 жастағы қыз менингит сырқаты болуы мүмкін деген күдікпен жедел жәрдеммен стационарға жеткізілді. Ал егде жастағы ер адамда созылмалы пиелонефрит асқынып, ол да шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді.
Біздің облыста Меньер ауруы, монорхизм, несеп-жыныс жүйесінің туа біткен ауытқулары, бүйректің гипоплазиясы (өте кішкентай болуы) сияқты сирек кездесетін аурулардың да бар екені анықталды.
Қазіргі уақытта медициналық пойыз Маңғыстау облысының аумағында және бұл оның соңғы бағыты.
Зульфия ИСКАЛИЕВА