ФУТЗАЛ
«Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде ардагерлер арасында білім беру ісінің үздігі Г.Харесовті еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Турнирде Астрахан, Орынбор, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарынан келген командалар бақ сынады.
Жартылай финалда атыраулық «Алламан» 2:1 есебімен орынборлық «Газовик» командасын жеңді. Келесі жартылай финалда «Орал» (Орал) және «Дамбы» (Атырау) командаларының ойыны 4:4 есебімен аяқталып, матчтан кейінгі пенальти дамбылықтардың пайдасына шешілді.
«Алламан» мен «Дамбы» арасындағы финалдық ойын 0:0 есебімен тең аяқталды. Ал матчтан кейінгі пенальти бойынша «Атырау» ұтып, турнир жеңімпазы болды. Финалистер құрамында А.Белов («Дамбы») пен К.Мусин («Алламан») үздік ойыншылар деп танылды.
КӨРКЕМ ГИМНАСТИКА
Нұр-Сұлтанда ел чемпионаты өтіп, бас бапкер Көклан Егеубайдың жетекшілігімен атыраулық гимнасшылар командалық есепте қола жүлдеге ие болды.
Чемпионаттың жүлдегерлері - Іңкәр Жолмағамбетова, Айнель Жалғасова, Люция Алпанова, Эльнара Нұршаева, Айнара Мәжит, Анель Абдрак және Аружан Нәжімеденова.
ДЖИУ-ДЖИТСУ
Абу-Дабиде өткен әлем чемпионатында атыраулық спортшы Жеңіс Нұрлыбаев 56 келіге дейінгі салмақта күміс алқа тақты.
Финалға барар жолда ол Алжир, Колумбия және Швециядан келген қарсыластарын жеңіп, шешуші шайқаста Қазақстанның басқа өкіліне жол берді.
Кадеттер арасында 46 келіге дейінгі салмақта тағы бір жерлесіміз Ғибрат Әмірше осындай нәтижеге қол жеткізді. Ал жастар арасында 56 келіге дейінгі салмақта да жерлесіміз Санжар Айтмұхамедов қола алқа жеңіп алды.
ТУРНИРЛЕР
«Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Дене шынықтыруды дамыту орталығының қолдауымен мектеп пен колледж оқушылары арасында «Jas Sarbaz» облыстық әскери-спорттық интеллектуалды эстафета ұйымдастырылды.
Атырау қаласы мен облыс аудандарынан қатысқан 8 команда кедергілерден өту, Калашников автоматын бөлшектеу және құрастыру, жалпы әскери қорғаныс костюмін кию, автоматты патронмен оқтау, газтұтқыш пердені кию және жарақат алған кезде алғашқы көмек көрсету бойынша жарысты. Турнир нәтижесі бойынша 1-орынды облыстық «Дарын» мектеп-интернаты, 2-орында Кіші Өнер академиясы иеленді. 3-орынды Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжі мен Ж.Досмұхамбетов атындағы облыстық лицей өзара бөлісті.
АРАЛАС ЖЕКПЕ-ЖЕК
Сингапурда GAMMA санатында аралас жекпе-жектен чемпионат өтті. Турнирге 50 елден 300-ден астам спортшы қатысты.
57 келіге дейінгі салмақта Малайзия, Ресей, Қытай және Канада елінен келген қарсыластарын кезекпен жеңген құлсарылық Талғат Жұмағалиев чемпион болды.
ДЗЮДО
Талдықорғанда 2003-04 жылғы жасөспірімдер арасында ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы М. Бекмұхамедовты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті.
Бапкер А.Тәжіғалиев жетекшілік еткен команда Атырау намысын қорғады. Қола алқа 46 келіге дейінгі салмақта Байболсын Қарасаевқа, 52 келіге дейінгі салмақта Бибінұр Эдуардоваға бұйырды.
ТАЭКВОНДО
Нұр-Сұлтанда ҚР Кубогы өтті. Бұл жерде атыраулық спортшылар табысты өнер көрсетті.
Алтын алқаны Нұрай Хусаинова (67 келіге дейін) мен Айгүл Елубай (73 келіге дейін) жеңіп алды. Үмбет Шайкиев, Айдана Еділбаева, Алина Дадикенова және Майра Сүйінбекова өз салмақ дәрежелерінде қола жүлдегер атанды.
БОКС
Ақтауда Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Оған Қазақстан, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан 70-тен астам боксшы қатысты.
91 келіден жоғары салмақта Атырау облысының намысын қорғаған Оңтүстік Қазақстан облысының спортшысы Мұхамеджан Еркін алтыннан алқа тақты. Ол финалда ринг иесі Айболды Дәуренұлынан үстем түскен еді.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ