Атырау қалалық әкімшілік соты АҚШ азаматына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-1-бабы (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша іс қарады. 10 қарашада түн ортасында «Riviera Park Residence» қонақ үй кешенінің жанында 34 жастағы америкалық Майами тумасы мас күйде жергілікті тұрғынмен сөзге келіп, содан соң оны бетінен ұрған.
Аудармашының қатысуымен өткен сот отырысында экспат кінәсін мойындап, зәбір көрушімен татуласқанын түсіндіріп, істі тоқтатуды өтінді.
- Зәбір көрушімен татуласуына байланысты сот қаулысымен әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс тоқтатылды, - деп хабарлады Атырау Мамандандырылған әкімшілік сотының баспасөз қызметі. Егер татуласпаса, америкалық 15 АЕК (38 875 теңге) көлемінде айыппұл төлеуі немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін еді.
Естеріңізге салсақ, 16 қарашаға қараған түні Атырауда «Fresh&Go» кафесінде жергілікті тұрғын Ирландия азаматын соққыға жыққан болатын. Оқиғадан кейін ирландық емделу үшін Дубайға кеткен, ал атыраулыққа қатысты ҚР ҚК-нің 107-бабы (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Фархат ӘБІЛОВ