Атырау облыстық сотында босану кезінде қайтыс болған әйелге қатысты іс бойынша апелляциялық шағым қаралды. Облыстық перинаталды орталықтың 4 дәрігерін ақтаған бірінші сот үкімімен келіспеген оның туыстары апелляциялық шағым түсірген болатын.
Естеріңізге салсақ, 2017 жылдың шілдесінде Анаргүл МАЙЛЫБАЕВА егіз сәбиді дүниеге әкеліп, өзі босану кезінде қайтыс болған еді.
Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Дина ТҰХФАТОВА отырысқа қатысушылардың өтініштері бар-жоғын сұрады.
Прокурор Нұржан ӘБІЛОВ өз өтінішін ұсынды. Онда Астана қалалық сот-сараптама институтының 2018 жылғы 10 мамырдағы №254 сот-медициналық сараптамасы нәтижелеріне сәйкес, Майлыбаеваның бактериялық-токсикалық шок, септицимия (сепсис) және ДВС-синдромының асқынуы салдарынан қайтыс болғаны көрсетілген. Астана сарапшыларының қорытындысына сүйенсек, перинаталды орталық дәрігерлерінің емдеу және оңалту тактикасы дұрыс болмаған. Осыдан кейін ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының 3-тармағы (Адам өлiмiне әкеп соққан медицина жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Кейін сот отырысы кезінде судья Г.Мүтиева Алматыда екінші рет сараптама тағайындады. Ол жерде әйел өкпе тромбоэмболиясы салдарынан қайтыс болды және дәрігерлер тарапынан ешқандай қателіктер болған жоқ деген қорытынды шығарды. Осының негізінде бірінші сот инстанциясы ақтау үкімін шығарды.
Бірақ бірінші сот инстанциясының судьясы бірінші сараптаманың нәтижелерін жарияламады, оларға құқықтық баға берген жоқ, сарапшылардан жауап алмай, негізсіз және заңсыз түрде қайтадан сараптама тағайындады деп санайды прокурор.
Оның үстіне, Атырау облысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет перинаталдық орталықтың басшысы Қ.Нысанбаевтың қол астындағылармен бірге Алматы қаласындағы сот-медициналық сараптаманың оң шешім шығаруы жөнінде мәселені талқылағанын анықтады. Сонымен қатар, сотталушылар Орынбасарова, Кенжеғалиев, Жанаев, Құлниязоваға перинаталды орталықтың сыйақы қорынан 7 миллион теңге жинау керектігі талқыланған жазбалар бар. Аталған факті бойынша, 2019 жылдың 3 қазанында сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Кенжеғалиевтан заттай айғақтар ретінде 7 миллион теңге тәркіленді. Осы фактілердің барлығы Алматыдағы сараптаманың дұрыстығына күмән келтіреді.
Осылайша, прокурор Әбілов жаңа сот-медициналық сараптама тағайындау туралы өтініш берді.
Осы өтініш бойынша тараптардың пікірлерін тыңдағаннан кейін судья: «Жан-жақты және объективті зерттеу үшін Нұр-Сұлтан қаласында сот-медициналық сараптама институтына басқа құрамдағы жоғары білікті мамандарды тарта отырып, алдыңғы екі сараптама нәтижелері бір-біріне қайшы келетіндіктен қайтадан сот-медициналық сараптама тағайындалсын» деген шешім шығарды.
4 дәрігерге қатысты қылмыстық іс бойынша сот тергеуі қайта басталады.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА