Атырау, 24 қараша 01:12
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Перзентхана дәрігерлері пара беру үшін ақша жинаған ба?

3 758 просмотра


Облыстық перинаталдық орталықта босану кезінде қайтыс болған Анаргүл МАЙЛЫБАЕВАҒА қатысты іс бойынша жаңа мәліметтер пайда болды. Естеріңізге салсақ, жақында №2 қалалық сотында «Адам өлiмiне әкеп соққан медицина жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы» деп аталатын ҚР ҚК-нің 317-бабының 3-тармағы бойынша айыпталған 4 айыпталушыға - облыстық перзентхананың 3 дәрігеріне және №2 емхананың дәрігеріне ақтау үкімі шығарылған еді.

4 қарашада А.Майлыбаеваның заңды өкілі, оның әпкесі Өміргүл МАЙЛЫБАЕВА баспасөз мәслихатын өткізді:

- Біз перзентхана дәрігерлерінің осы іс бойынша процессуалдық шешім шығаратын тұлғаларға пара беру немесе пара беруге әрекеттену фактісі бойынша қылмыстық істің болғанын жұртшылыққа жеткізгіміз келеді.

Ө.Майлыбаеваның айтуынша, жақында Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Мейрамбек Сипуллаевтың 2019 жылғы 10 қазандағы қаулысы қолына тиіпті. Онда, атап айтқанда, былай делінген:

«2019 жылғы 3 қазанда арнайы жедел-іздестіру шараларының және жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері бойынша «Атырау облыстық перинаталды орталығы» КМК басшысы Қ.Ж.Нысанбаевқа, қызметкерлері А.Ж.Қайыржанға, А.Т. Кенжеғалиевқа, Б.Г.Шөкебаеваға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы бойынша (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу) сотқа дейінгі тергеу жүргізілгені тіркелді. Олар 2019 жылдың мамыр-маусым айлары аралығында КМК қызметкерлері көрсеткен ақылы қызметтер үшін деп сыйақылар мен үстеме ақыларды заңсыз аудару арқылы алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобымен 6 978 000 теңге көлемінде бюджет қаражатын ұрлаған, әрі қарай Шөкебаева Б.Г. мен Қайыржан А.Ж. А.Майлыбаеваның өлімі бойынша қылмыстық іске күдікті ретінде тартылған А.Т.Кенжеғалиевқа қылмыстық іс бойынша оң шешім шығару үшін қызметкерлерден осы қаржыларды жинап берген. Кенжеғалиевтан ақшалай қаражат тәркіленді».



- Демек, іс бойынша ақталушылардың бірі - облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Асқар Кенжеғалиев - адамдар тобымен перзентханадан ақшалай қаражат ұрлап, осы ақшаны жинау арқылы ақшаны өзі немесе басқа ақталып шыққан адамдармен бірге берген немесе беруге әрекеттенген, бірақ бұл ақшаның өздері ақталып шыққан іске оң шешім шығаруға арналғандығы факт, - дейді Ө.Майлыбаева. - Іс бойынша оң шешімді сот шығарады, ал судьяны ҚР президенті тағайындайды. Сондықтан мен тергеу жүргізу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобын құру мақсатымен президентке жүгіндім.

Естеріңізге салсақ, 2017 жылдың шілдесінде Анаргүл Майлыбаева егіз сәбиді дүниеге әкеліп, өзі босану кезінде қайтыс болған еді. Перзентхана дәрігерлері өлім себебін тромбоэмболия деп атады. Зардап шеккен тараптың талабы бойынша, марқұмның денесі эксгумацияланып, қайта сараптама жасалды. Астаналық сарапшылар оның гистологиялық зерттеулерге сәйкес сепсиске шалдыққандығын, босану тарихын дәрігерлердің қайта жазғандығын, сондықтан оның ауру тарихына сәйкес келмейтіндігін анықтады.

- Білесіздер ме, жақында Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген тексеру жұмыстары Атырау облыстық перзентханасында ауруханаішілік инфекция бар екендігін ресми түрде растады, бәлкім ол Анаргүл қайтыс болғалы бері бар шығар, - деп топшылайды Өміргүл Майлыбаева. - Менің мақсатым - тергеушінің қаулысына сүйенсек, ақталған тұлғалардың менің сіңлімнің өлімі туралы істі оң шешу үшін ақша жинағандығын жұртшылыққа жеткізу.

Бүгін, 5 қарашада осы іс бойынша апелляциялық сот басталады.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

5 қараша 2019, 11:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.