Атырауда №2 қалалық сотта ҚР ҚК 317-бабының 3-тармағы («Адам өлiмiне әкеп соққан медицина жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы») бойынша айыпталған облыстық перинаталды орталықтың үш дәрігері мен №2 емхананың дәрігеріне ақтау үкімі шығарылды.
Естеріңізге салсақ, Атырау тұрғыны Анаргүл МАЙЛЫБАЕВА босану кезінде қайтыс болғаннан кейін қылмыстық іс қозғалған болатын. Ол егіз сәбиді дүниеге әкеліп, өзі қайтыс болды. Оның әпкесі Өміргүл МАЙЛЫБАЕВА операция кезінде Анаргүлге инфекция жұқтырылған деп мәлімдеді.
Негізгі сот талқылауы 7 айдан астам уақытқа созылды, осы уақыт ішінде үш судья (екеуінен бас тартқан және біреуі өзі бас тартқан) ауысты, ал істі №2 қалалық соттың төрағасы Мирамбек НАҒАШЫБАЕВ аяқтады.
1 қазанда ол: «4 дәрігердің барлығы қылмыстық құқық бұзушылық болмауына байланысты ақталсын. Жәбірленуші тараптың мүліктік және моральдық зиянды өндіріп алу туралы талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Үкімге 15 күн ішінде шағым жасауға болады» деген сөздермен аяқталатын үкімді оқып шықты.
Сот үкімі оқылғаннан кейін судья оған түсініктеме беруді қажет деп санады. Ол туыстарының қайғысын түсінетінін, бірақ сот іс материалынан дәрігерлердің кінәсін таппағанын, ал іс жүргізілген сараптамалардың көптігіне байланысты осыншама ұзақ қаралғанын айтты.
Өміргүл Майлыбаева ақтау үкімімен келіспейтінін және оны жоғары тұрған сот сатыларына шағымданатынын айтты.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор