30 қазанда «Шахтер» мен «Атырау» командалары арасында футболдан ел чемпионатының 29-турының кейінге қалдырылған матчы өтті. «Шахтер» үшін ойын өз алаңында өтуі тиіс еді, бірақ Қарағанды стадионындағы кезекті проблемалардың салдарынан ойын елордадағы «Астана Аренада» өтті.
Ойын тізгіні қарағандылықтарда болғанмен, голды «Атырау» соқты: 20-минутта Петр ГЖЕЛЬЧАК алаң ортасында допты қағып алып, екі қорғаушыны сан соқтырып, қақпаның төменгі бұрышына доп салды.
Осыдан кейін, әсіресе екінші таймда, номиналды қонақтар «футболдың кішкентай қулық-сұмдықтарынан» тартынбай, жеңіс есебін қорғауға бар күштерін салды. Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында «Шахтердің» болгарлық бас бапкері Никола КОСТОВ: «Алаң сыртына шыққан допты ойынға қосуға үш минуттан уақыт жұмсау деген масқара ғой! Тіпті, аттаған сайын құлайды... Бұл не қылған футбол? Мен мұндай тәсілдерді түсінбеймін» деп, наразылық білдірген еді. Бәрі де солай. Бірақ лигадан шығып кетпеу үшін әр ұпайы алтынға барабар болған «Атыраудың» жағдайы өз басына түссе, Костовтың командасы да дәл осылай әрекет ететіндігіне сенімдімін. Өкінішке орай, қазіргі футболдың әдет-ғұрпы осындай.
Ойын «Атыраудың» пайдасына 1:0 есебімен аяқталды. Енді 10-орын үшін таласатын «Тараз» бен «Атыраудың» әрқайсысында 26 ұпай бар, ал чемпионаттың аяқталуына екі тур қалды. 3 қарашада «Атырау» өз алаңында «Ордабасымен», 10 қарашада Алматыда «Қайратпен» ойнайды. Ал «Тараз» өз алаңында «Қайсармен», сырт алаңда «Ордабасымен» кездесу өткізеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ