Атырау, 24 сәуір 18:30
 ашықВ Атырау +13
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Спорт жаңалықтары

4 009 просмотра

КАРАТЭ


Чилидің астанасы Сантьяго қаласында кадеттер мен жастар арасында каратэден (олимпиадалық нұсқа) әлем чемпионаты өтті. Атыраулық спортшы, Жасөспірімдер олимпиадасы ойындарының жүлдегері, Азия чемпионы Әбілмансұр Батырғали 67 келі салмақта бақ сынап, барлық қарсыластарынан үстем түсіп, алтын алқа алды.

Оның салмағында 60 елдің өкілдері бақ сынады. Алдын ала айналымда Әбілмансұр Шотландия өкілін 8:0, Австрияның - 2:1, Ресейдің - 2:0 және Бразилияның өкілін 3:1 есебімен жеңді. Жартылай финалда ол марокколық спортшыны 7:1 есебімен оңай жеңіп, финалда Түркия спортшысынан 2:1 есебімен басым түсті.

- Чилидегі додадан бұрын Қазақстан чемпионаты және бірнеше халықаралық турнирлер өтті. Олардың нәтижелері бойынша әлем чемпионатына қатысуға үміткер таңдалды. Алғаш рет бағдарламасында каратэ ұсынылған Жасөспірімдер олимпиадасынан алқа алғаннан кейін келесі мақсатым - әлем чемпионатының марапатын алу болды. Мақсатыма қол жеткізгеніме қуаныштымын. Қарсыластарымның барлығы өте мықты, бірақ мен үшін Озер Омермен финалдық жекпе-жегім қиынға соқты. Жекпе-жектің аяқталуына 5 секунд қалғанда есеп ашылды. Мен маваши-гери жасап, екі жеңіс ұпайын жинадым. Келесі жылы жастар арасында Азия чемпионаты өтеді, оған қатысу үшін ұлттық құрамаға іріктеуден өту қажет. Алға қарай қозғаламыз, - деді Батырғали шешуші шайқастан кейін БАҚ өкілдеріне.


ТАЭКВОНДО

Нұр Сұлтанда республикалық «CupMustafaAstana 2019» турнирі өтті.

Бұл жерде атыраулық спортшылар Әсем Орынбасарова мен Айзада Сағындықова алтын, Бекнұр Бақтыгей күміс, Зейнеден Табисов, Динара Меңдіғалиева және Ангелина Гапотченко қола жүлдеге ие болды.

* * * * *

Ессентуки қаласында Бүкілресейлік «Солтүстік Кавказ кубогы» турнирі өтті. Бұл жерде де атыраулық спортшылар алқасыз қалмады.

Майра Сүйенбекова алтын, Жадыра Хайруллина, Рамазан Тасбаев пен Сұлтанбек Саясатов күміс, Бейбарыс Нұрбаев пен Диар Набиев қола алқа жеңіп алды.

* * * * *

Спорт мектептері мен интернаттардың шәкірттері арасында өткен ел чемпионатында №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасы сәтті өнер көрсетті.

Атыраулықтардың еншісіне 5 алтын, 6 күміс және 9 қола алқа бұйырды. Парасат Болат, Алина Болат, Санжар Қонысбай, Эмир Дадикенов және Әсем Орынбасарова ҚР чемпиондары атанды.


ДЗЮДО

Мәскеуде 2005-10 жылғы қыздар арасында «Күзгі кубок» өтті. Мұнда атыраулық дзюдошылар да өнер көрсетті.

Дәмелі Асылханова мен Зере Өтепқали алтын, ал Әсел Русланова мен Салтанат Жақсығали күміс жүлдені жеңіп алса, Аружан Жандарбайдың еншісіне қола жүлде тиді.

* * * * *

Ресейдің Түмен қаласында 18 жасқа дейінгі жастар арасында халықаралық турнир өтті. Боз кілемде Ресей, Қазақстан, Австрия, Моңғолия және Корея Республикасынан 400-ден астам спортшы бақ сынады.

Атыраулық спортшылар Әйгерім Қамитова мен Дана Әбдірова 48 келіге дейінгі салмақта қола алқа жеңіп алды. Оларды бапкер Азамат Тәжіғали дайындады.

* * * * *

Оралда Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованы еске алуға арналған ірі халықаралық турнир өтті.

Атырау құрамасында екі алқа: Хамария Әмірғалиева алтын, Бақытжан Амангелдиев қола алқа алды. Спортшыларды Аслан Табынбаев пен Сайын Ерғалиев жаттықтырды.


САМБО

Теміртауда жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Атырау командасы 1 алтын, 2 күміс және 1 қола алқа иеленді.

62 келіге дейінгі салмақта Айбек Әбділов алтын алқа алса, Ерасыл Жомартұлы мен Расул Таукен күміс жүлдегер атанды, Жасұлан Әубекеров қола алқа тақты.


КҮРЕС

Ақтөбеде 2000-02 жылғы жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен әлем кубогының иегері Есенкелді Батырғаринді еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Турнирге Қазақстанның барлық облыстары мен Қырғызстаннан 160 спортшы қатысты.

Атырау командасы 1 күміс, 2 қола алқа алды. Бекхан  Алданов күміс алқа иеленсе, Қайырбек Дүйсенбай мен Артур Серіков қола алқаны місе тұтты.


МУАЙ-ТАЙ

Алматыда ҚР Кубогы өтті. Турнирде Азия чемпионатына спортшылар іріктелді. Рингтегі тартысты жекпе-жек нәтижесінде Атырау облысының құрамасы 3 алтын, 2 күміс және 3 қола алқа жеңіп алып, керемет көрсеткіштерге жетті.

Еламан Саясатов, Әбіл Ғалиев және Аида Хайруллина алтын алқа, Жұмабек Мыңбай мен Азатжан Ғаббасов күміс жүлде алды, Мейіржан Баймырза, Шамиль Курбанов және Нұрлыбек Ордабаев қола алқа иеленді.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

31 қазан 2019, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.