№2 қалалық сотында Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрсәуле САЙЛАУОВАҒА, облыстық білім беру басқармасының бұрынғы басшысы Қайырғали КЕНЖЕҒАЛИЕВҚА, оның орынбасары Роза ҚАБДОЛОВАҒА және білім беру саласының бұрынғы бірнеше қызметкеріне қатысты сот процесі жалғасуда. Қазір куәгерлер мен жәбірленушілерден жауап алу жүріп жатыр.
Судья Жұмағали ТӘШІМОВТІҢ, прокурор мен адвокаттардың сұрақтарына жәбірленуші ретінде Құрманғазы аграрлық-техникалық колледжінің директоры Болатбек ӨТЕГЕНОВ жауап берді. Ол 2018 жылы колледжді аудандық прокуратура тексеріп, кемшіліктерді жою туралы прокурорлық ұйғарым берілгеннен кейін облыс орталығына білім беру басқармасы бастығының орынбасары Р.Қабдоловаға келген.
Мемлекеттік айыптаушы Досбол БАҒЫТЖАНОВТЫҢ сұрақтарына жауап берген Өтегенов:
- Осы тексеруден кейін мен Қабдолованың қабылдауында болып, прокурордың ұйғарымы бойынша дайындалған барлық құжаттарды тапсырдым. Қайтар кезде ол үйінде той болатынын айтып, бір қоймен көмектесіңіз деп өтінді. Мен келісім бердім. Прокурорлық тексеріс мәселесін шешу үшін көмек сұраған жоқпын, өйткені алар сөгісімді алған едім. Қойды такси жүргізушілері арқылы салып жібердім. Сол жылдың желтоқсан айында колледждің жұмыстарымен қалаға келдім. Жұмыс туралы әңгімеден кейін ол менен сиыр болса деп көмек сұрады. Тағы да келісіп, біраз уақыттан кейін қалаға ет беріп жібердім.
- Сонда сіз оған жай көмектестіңіз бе? Неге ақшасын сұрамадыңыз?
- Басшылықтан ақша сұрай алмаймын ғой енді.
- Ендеше неліктен жәбірленуші ретінде арыз жаздыңыз?
- Бұл маған келтірілген материалдық залал ғой, бірақ тергеу кезінде залал өтелді, енді менің ешқандай талабым жоқ.
Қабдолованың адвокаты САПАРОВА колледж директоры тергеуші оны жауап алуға шақырғаннан кейін және Қабдолованың кабинетіндегі әңгіменің жасырын аудио және бейнежазбаларын көрсеткеннен кейін шағым жазғанын нақтылады (бейнежазба осы сот отырысында біраз уақыттан соң көрсетілді).
- Сіз сөгіс алдыңыз ғой? Сізді жазбаны көргеннен кейін осы іс бойынша шақырды, тек содан кейін сіз арыз жаздыңыз. Ал былайынша сіз бастығыңызға көмектестіңіз, ақша сұрамадыңыз. Бейнежазбада оның сізді бопсаламағаны, талап қоймағаны көрініп тұр, - деді адвокат.
- Сұрағыңызды тұжырымды етсеңіз, - деп араласты судья.
- Сіз қойды сөгіс алмау үшін бердіңіз бе?
- Мен ол кезде сөгіс алған едім. Болашақта пайдасы тиер деп ойладым...
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА