Бүгін, 9 қазанда Атырау қалалық №2 сотында Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрсәуле САЙЛАУОВА мен білім беру саласының бұрынғы бірнеше қызметкеріне қатысты қылмыстық іс бойынша айыптау актісін жариялау жалғасты.
Сот отырысына дейін Сайлауованың адвокаты Талғат МҰҚАТАНОВ пен оның қорғалушысының істі талқылаған сәтін суретке түсіргім келген, бірақ ол адвокатының тасасына жасырынды.
Адвокат әдеттегі жұмысымызға қатты наразы болды. Біз сөзге келіспей қалғаннан кейін күзетші келіп, телефонымды сақтау камерасына тапсыруымды қоймай өтінді. Отырыс әне-міне басталуы тиіс болып, маған оның басталуын кешіктірмеу үшін телефонымды тапсыруға тура келді.
Н.Сайлауоваға, облыстық білім беру басқармасының бұрынғы басшысы Қайырғали КЕНЖЕҒАЛИЕВҚА, оның орынбасары Роза ҚАБДОЛОВАҒА, Кіші Өнер академиясының жанындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының бас есепшісі Назымгүл МӘЖИТОВАҒА, сонымен қатар білім беру саласының қызметкерлері Ғабит ҚАБЕКЕНОВКЕ, Құндыз ИМАНҒАЗИЕВАҒА, Қансұлу ЖАМИЛОВА мен Бейбіт ЗАБЕНОВКЕ қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы өткен аптада 180 беттен тұратын айыптау актісін жариялаудан басталған еді.
Сол кезде журналистер жанжалмен залдан шығарылды, сондықтан істің кейбір мәліметтері белгісіз болып қалды. Бүгін айыптау актісін жариялау жалғасын тапты. Таңдаулы бірнеше эпизодтар (бұл тергеу нұсқасы екенін еске саламыз) төмендегідей.
Мектеп директорларының бірі бірнеше рет құжаттар тапсырса да, Ұстаздар күніне немесе басқа мерекеге орай марапат ала алмаған. Сөйтіп Қ.Кенжеғалиевқа проблемасын айтып, ол 100 мың теңгеге көмектесуге уәде берген. Алайда ол әйелдің Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталатынын алдын-ала білген. Сонымен қатар, ол Досмұхамедов атындағы АМУ-дің 2-курс студентіне 300 мың теңгеге көмектеспек болған: студентке педагогика мен психология ғылымы бойынша бірнеше мақалалар жазып, мамандандырылған басылымдарға жариялау керек болған. Кейіннен ол мерзімді басылымдарға мақалалар жариялауға көмектесетін адамға беру керек деп, тағы 100 мың сұраған. Іс жүзінде оларды тегін басып шығарған.
Н.Сайлауованың қатысы бар эпизодтарда анағұрлым қомақты сомалар бар және оған көп адамдар тартылған. АМУ спорт кешенінде «Ұлы Дала» форумын өткізуге 19 миллионнан астам теңге бөлінген. Н.Сайлауова Роза Қабдоловаға 2 миллион теңгені қолма-қол ақшаға айналдырып, оны өз қолына беруді тапсырады. Бұған Назымгүл Мәжитова мен Құндыз Иманғазиева тікелей қатысқан.
Таныстары мен сенімді кәсіпкерлер арқылы форумды өткізуге қажетті материалдар сатып алынған-мыс. Кәсіпкерлер ақшаларды өз кәсіпорындары арқылы өткізіп, жасалды делінген келісімдер бойынша салық төлеу үшін аз мөлшерін қалдырған, ал қалғанын білім беру саласының өкілдеріне берген.
Н. Сайлауова айып тағылып отырған үш эпизодтың бірде біреуін мойындамады. Қ.Кенжеғалиев бес эпизодтың бірі бойынша, Р. Қабдолова Н.Сайлауоваға арналған 2 миллион теңгеге байланысты біреуін қоспағанда барлық эпизодтар бойынша кінәсін мойындады. Қалған сотталушылар кінәларын толықтай мойындап, прокурормен процессуалдық келісім жасағылары келетіндерін білдірді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА