Атырау, 25 сәуір 13:39
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Спорт жаңалықтары

4 080 просмотра

ДОЙБЫ


Талдықорғанда 64 шаршылық дойбыдан жастар арасында ел чемпионаты өтті. Мұнда Атырау құрамасы 1-орынға ие болды.

Команданың бас бапкері Еркін Үсеновтің айтуынша, турнирге 6 облыстан әр түрлі жастағы 3 ойыншыдан тұратын командалар қатысты. 1996 жылғы Аманқос Әбдешов, 1999 жылғы Мөлдір Қажимова және 2004 жылғы Азат Бауыржанов ел чемпиондары атанды.


ДЗЮДО

Алматыда 2006-09 жылғы жасөспірімдер арасында «TITAN JUDO» халықаралық турнирі өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей және Беларуссиядан мыңнан астам спортшы қатысты. Әр салмақ бойынша 80-90 қарсыластан күресті.

Күрес нәтижесінде Атырау командасы екі алқа алды. 46 келіге дейінгі салмақта Айбар Жұмабай алтын алқа, 29 келіге дейінгі салмақта Елдос Төлеген қола алқаны жеңіп алды.

* * * * *

Осы күндері Бакуде дзюдодан жасөспірімдер арасында тағы бір халықаралық турнир өтті. Оған 42 елден 1500 спортшы қатысты.

«Атырау» командасы бір күміс және үш қола алқа иеленді. 55 келіге дейінгі салмақта күміс алқаны осы жылғы ҚР чемпионы Олжас Құмар жеңіп алды. Мақсат Әбдірахман (60 келіге дейін), Дінмұхаммед Шаменов (66 келіге дейін) және Жанұзақ Ермағанбет (80 келіден жоғары) қола жүлдегерлер атанды.


ФУТБОЛ

«Мұнайшы» стадионында футболдан Атырау қаласы Кубогының финалдық матчы өтті. Финалда мәңгі бақталастар - «АМӨЗ» бен «Достар» командалары кездесті.

Матч тартысты өтті. Зауыттықтар 19- және 22-минуттарда гол соқты, ал 30-минутта «Достар» қарымта бір гол салды. Қорытынды есеп 2:1 болып, Кубокты «АМӨЗ» иеленді.


ЕРКІН КҮРЕС

Ереванда еңбек сіңірген спорт қайраткерлері Рудольф және Егише Карапетяндарды еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Оған Иран, Ресей, Қазақстан, Армения және басқа елдердің мықты балуандары қатысты.

Осы сайыстарда атыраулық спортшы Жасұлан Рахымжанов өзін жақсы жағынан көрсетіп, қола алқа жеңіп алды. Жасұланды БЖСМ-2 бапкері Сембай Баймұратов жаттықтырды.


БОКС

Астраханда жасөспірімдер арасында КСРО спорт шебері Э.Джафаровқа арналған халықаралық турнир өтті.

Атырау құрамасы қоржынына 4 алтын және 6 күміс салды. Осы көрсеткіш бойынша біздің команда 1 орын алды. Өз салмақ дәрежесінде Алан Мұрат, Азамат Дүзелбай, Абзал Ғамидулла және Әділхан Ғұбайдуллин жеңімпаз атанды.

* * * * *

Түркістан облысының Мақтаарал ауылында әйелдер боксынан «Әкім кубогы» халықаралық турнирі өтті. Атырау командасының нәтижесі - 2 алтын және 4 күміс алқа.

Өз салмақ дәрежелері бойынша Жасмин Тілепова мен Арайлым Нұрқуатова жеңімпаз атанды, күміс жүлдегерлер - Альфия Мұхиденова, Ақнар Ищанова, Динара Зинуллина және Аида Ермұханова. Қыздарды бапкерлер Әлібек Көшенов, Мейрамғали Абсенов және Бейбіт Ищанов дайындады.

* * * * *

Махамбетте жасөспірімдер арасында бокстан спорт ардагері Әлфарит Жұмалиевті еске алуға арналған облыстық турнир өтті. Өз салмағы және жас санаттары бойынша Нұрсат Мәжитов, Сұлтан Жолдас, Бекзат Нұрлыбекұлы, Асылбек Берік, Әлихан Кенжебай, Артур Жарболов, Айболат Meңдібай, Әділжан Темірғали, Сұлтан Орынбасар, Альберт Гуртовой, Ерназ Ердәулетұлы, Әлихан Дәулетов, Мұхамбетжан Халықов және Ерсұлтан Қонысұлы жеңімпаздар болды.


ВОЛЕЙБОЛ

Талдықорғанда волейболдан ерлер командалары арасында ҚР Суперкубогының финалдық кезеңі өтті.

«Атырау» облыстық командасы «Маңғыстау» (Ақтау) және «Ұшқын-Көкшетау» командаларымен болған матчтарда үш партияда жеңіске жетті, бірақ «Буревестникпен» (Алматы) шешуші кездесуде ұтылып, күміс жүлде алды.


СПАРТАКИАДА

Құрманғазы ауылында мемлекеттік қызметкерлердің XI облыстық спартакиадасы өтті. Футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, дойбы, стритбол және үстел теннисі жарыстарында 9 команда бақ сынап, 200-ден астам спортшы қатысты.

Командалық есепте мини футбол, волейбол, дойбы және үстел теннисі турнирлерінде алтын жеңіп алған алаң иелері жеңіске жетті.


САМБО

Кипрдің Лимассол қаласында ардагерлер арасында әлем чемпионаты өтті. Турнирге 20 елден 400-ге жуық тәжірибелі спортшылар қатысты. Атырау құрамасы 1 алтын және 3 қола алқа иеленді.

68 келіге дейінгі салмақта 40-44 жас санатында Жандос Тілекбаев чемпион атанды, ал 62 келі салмақта Арман Усеев қола нәтиже көрсетті. 45-49 жас аралығында өнер көрсеткен Бұрхан Оралбеков пен Орынбасар Мұқанов та қола жүлдеге ие болды.


ММА

Қарағандыда Номад MMA бойынша Азия чемпионаты өтіп, оған Ресей, Иран, Пәкістан, Үндістан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстаннан 700-ден астам палуан қатысты.

Атырау командасының активінде - 1 алтын, 5 күміс және 3 қола алқа бар. Алтын алқаны Самат Жағыпаров жеңіп алды, Дүйсенғали Құлшарапқа, Сұлтанбек Өсербаевқа, Артур Нұғмановқа, Теңелбай Жарқынға және Жағыпар Әбдірахманға күміс алқа бұйырды. Арсен Ризуанов, Амангелді Ерасыл және Ералы Өмірбеков қола жүлдегер атанды. Команданы бапкерлер Бауыржан Берғали, Ибрагим Лұқпанов, Ерман Майлашев, Ануар Батаев, Бердібек Сиражов және Манап Қабдиев дайындады.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

24 қазан 2019, 17:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.