Атырау, 24 қараша 09:35
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жаңа жүйемен жылытылатын нысандар мекен-жайы белгіленді

3 672 просмотра

Естеріңізде болса,  биылдан бастап бүкіл республика бойынша автоматтандырылған жылыту пунктерін қондыру жобасының енгізілетіні жайлы газет бетінде жарияланған болатын («ЖС», №4, 27-қаңтар, 2011ж. «Жылуды үнемдеу жолдары табылды»). Бүгінде олардың Атырау қаласында қандай нысандарда қойылатыны анықталып отыр.

НЫСАНДАР ТІЗІМІ

Қаңтардың 24-і мен 25-і күндері облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқармасының өкілдері «Казақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау орталығы» АҚ-ның өкілдерімен бірге автоматтандырылған жылыту пунктерін қондыру мақсатында қаладағы 60-тан астам нысанға тексеру жүргізген. Тексеру қорытындысы бойынша 3 тұрғын үй мен 6 әлеуметтік нысанның мекен-жайы белгіленді.

Олар – Сәтбаев көшесіндегі №39 «А» үй, Уәлиханов көшесіндегі №6 «А» үй және Махамбет көшесіндегі №112 үй. Сондай-ақ, облыстық Нұрғиса Тілендиев атындағы кіші өнер академиясы, №1 орта мектеп және №7 орта мектеп. Ендігілері - №7 қалалық емхана, Балықшы кентіндегі қалалық балалар емханасы және девиантты іс-әрекетті балаларды әлеуметтік еңбекке бейімдейтін арнаулы мектеп-интернат.

ЖАҢА ЖЫЛЫТУ ПУНКТЕРІ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

«АЖ» тілшісі жіберген осы сауалға байланысты облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Нұрлан КЕНЖЕБЕКОВТАН келген жауапта жылумен қамтамасыз ететін және жаңа жылыту жүйелерінің іске қосылған нормативті құжаттарға толық сәйкес келетінін, сондай-ақ, оның жылумен қамтамасыз етудің сапасын жақсартуға бағытталған жоғары технологиялық шешімдер екендігін атап көрсетіпті. Оған қоса, тұтынған жылу энергиясын үнемдеу үшін ғимаратты жылумен қамтамасыз етудің кешенді жүйесін қолдану қажеттігін ескерткен. Ол мынадай жолдар арқылы жүзеге асырылады екен:

1. Автоматты термостатикалық клапандарды қолдану кезінде жылыту жабдықтарынан (радиаторлардан) ішкі ғимаратқа келетін жылуды жеке реттеу арқылы;

2. Сыртқы ауа температурасына байланысты ғимараттың жеке жылыту пунктіндегі жылу тасымалдаушы параметрлерінің жергілікті реттеу арқылы.

Сонымен бірге, бұл жылыту пунктерінің  ерекшелігі – жылуды автоматты түрде реттеп отыруы ғана, яғни, ол сыртқы ауа температурасына қарай ішкі жылуды жүйелеп отырады. Және, оның сақталу мерзімі 15-20 жыл, деп отыр мамандар. Ал егер де олар істен шығып қалып жатса, тұрғындар пәтер иелері кооперативіне немесе болашақта құрылатын энергиялық қызмет көрсету компанияларына шағымдана алады.

Одан бөлек, автоматтандырылған жылыту пунктері тұтынушылардың стандартын қамтамасыз етуге (ғимараттың ішкі ауа температурасын санитарлық норма деңгейінде 20-22 градусқа дейін ұстап тұруға) мүмкіндік береді.

ЖЫЛУДЫ ҚАЛАЙ ҮНЕМДЕЙДІ?

Ғимараттың жылыту пунктінде автоматтандырылған реттеу жүйесін қолдана отырып жылуды тұтынуды төмендетудің бірнеше факторлары бар:

1. Әрқалай болып жататын сыртқы ауаның тәуліктік температурасын автоматика жүйесі арқылы есептеу бойынша 5-8 пайыз үнемдеу болмақ.

2. Тұтынушының ұсынысы бойынша (тұрғын үй және кеңсе ғимараттарында түнгі уақытта, демалыс күндері кеңсе ғимараттарында) белгілі бір тәулік уақытында жылуды жіберуді еріксіз түрде төмендетуге мүмкіндік бар. Ол - 4-7 пайыз үнемдеу болады 

3. Жылыту пунктерінің жылуды пайдалануды автоматтандырылған реттеу - маусымдық кезеңдердегі (күз, көктем) су шайып кетудің орнын толтыра алады. Үнемдеу - 4-5 пайызды құрайды.

4. Жылудың нақты мөлшерін беру мүмкіндігі шынайы есеппен жүзеге асырылса, ал есептелмеген жылу шығыны – 5 пайыздан 15 пайызға дейін үнемдейді.

5. Жүйе жұмысы барысында жылытылатын ғимараттарға келетін жылуды да есептейді (ол адамдардан, жұмыс істеп тұрған жабдықтар мен оргтехниканың, күн әсерінен келетін жылулар).

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

17 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.