ГРЕК-РИМ КҮРЕСІ
15 қазанда атыраулық спорт қауымдастығының өкілдері Тбилисиде ардагерлер арасында күрестің барлық түрлерінен өткен әлем чемпионатының қола алқасын жеңіп алған Эдуард Дурмановқа қошемет көрсетті.
Эдуард – классикалық стильдегі балуан, 78 келіге дейінгі салмақта, 40 жасқа дейінгі жас санатында бағын сынады. Алғашқы жекпе-жекте ол 18 секундта француз Ясен Рахбаның жауырынын жерге тигізіп, жартылай финалда украиналық Виктор Синявскийге есе жіберіп алды. Ал қола алқа үшін жекпе-жекте есеп 4:4 болған кезде әзірбайжандық Гафил Тагиевтен үстем түсіп, оның жауырынын жерге тигізді.
Грек-рим күресі бойынша Қазақстан құрамасында атыраулық тағы екі спорт шебері: ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Рашид Мусин (55 жасқа дейінгі жас санаты) пен Әли Аюпов (50 жасқа дейін) Грузия астанасында өнер көрсетті. Жереби бойынша Мусинге алғашқы жекпе-жекте-ақ әлемнің 7 дүркін чемпионы, итальяндық Мольфиномен күш сынасу бұйырды. Табанды жекпе-жекте Мольфино жеңіске жетіп, тағы бірнеше айналымнан кейін финалға өтті. Осылайша ол Рашид Әмірғалиұлына жұбаныш раундында өнер көрсетуге мүмкіндік берді - егер ол жеңіске жеткен жағдайда, қола алқа үшін күресер еді. Неліктен екені белгісіз, төрешілер түркиялық бәсекелесі Топал басым түсті деп есептеп, біздің балуанды жеңіліс тапты деп ұйғарды. Төрешілердің әділетсіз төрелік еткені айқын, жекпе-жекті көргендердің бәрі де осы пікірде.
Әли Аюпов ресейлік спортшыдан басым түсіп, жекпе-жекті жеңіспен бастады. Алайда 3-орын үшін күресте АҚШ спортшысына есе жіберіп алды.
…Эдуардтың иығына шапан жауып, гүл шоқтарын сыйлады. Эдуар өзін 2002 жылдан бері жаттықтырып келе жатқан және осы сапарға даярлауда өз білімі мен тәжірибесін аямаған бапкері Сергей Кимнің еңбегін атап өтті. Жерлестеріне қолдау көрсету үшін Грузияға арнайы барған жанкүйер Жасұлан Рысқалиев та құттықтау сөзін сөйледі. Ал Р. Мусин атыраулық ардагерлердің бір жылдан кейін Афиныда өтетін әлем чемпионатына міндетті түрде қатысатындығын, тек грек-рим күресінен ғана емес, еркін күрестен де бақ сынайтындарын айтты.
Суретті түсірген Нұрбейбіт Нұғыманов
ҚАЗАҚ КҮРЕСІ
Ақтауда Ә.Кекілбаевті еске алуға арналған республикалық турнир өтті. Оған Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтөбе, Түркістан, Ақтау және Орал қалаларынан спортшылар қатысты. Жекпе-жек 3 салмақ дәрежесінде өтті: 66 келіге дейін, 82 келіге дейін және 82 келіден жоғары («түйе палуан»).
«Түйе палуан» санатындағы жарыстың бас жүлдесі (1,5 млн теңге) атыраулық Сұңғат Закарияевқа бұйырды. Бұдан басқа, 66 келіге дейінгі салмақта атыраулық Айболат Ыстыбай жеңіске жетті. Дәл осы салмақта жерлесіміз Айбек Әбілов қола алқаны жеңіп алды.
ШАХМАТ
Оңтүстік астанада Қазақстан Ересектер кубогының екінші кезеңі болып табылатын «Алматы Опен» халықаралық турнирі өтті.
Жарысқа 10 елден 128 шахматшы қатысты. №1 Атырау мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Нұрбек Хайрошевтің турнирдің алтын алқасымен марапатталғаны қуантады. Жаттықтырушысы - Жәнібек Аманов.