6 қазанда «Астана аренада» «Атырау» командасы мен қызылордалық «Қайсар» арасында футболдан Қазақстан Кубогының финалдық матчы өтті. Ойын өте тартысты өтіп, ойын қорытындысында Кубокты қызылордалықтар иеленді.
Ел чемпионатында «Атырау» соңғы орынның алдында тұр. Ал Премьер-Лигада қалу үміті әр тур сайын азайып барады. Кубокты жеңіп алса, сенім күшейер еді. Бірақ қарсыласы да беделді орыннан оңай бас тартқысы келмеді. Ойын барысында 10 сары карта, екі қызыл карта беріліп, алаңдағы ойыншылар да, мінбердегі жанкүйерлер де жанжалдасып қалды, шешуші сәт екінші овертаймның соңында орын алды.
67-минутта «Атырау» ойыншылары есеп ашты: бразилиялық Алекс БРУНО «Қайсар» қақпасына бағыттап доп соғып, оның қақпашысы Александр ГРИГОРЕНКО допты тойтарған еді. Бірақ польшалық «Атырау» легионері Петр ГЖЕЛЬЧАК шеберлікпен қақпашы мен қақпа бағанының ортасындағы кішкентай кеңістікке допты сыйғызып, қақпаға салып үлгерді. Есеп 1:0!
Дереу осыдан соң алаңның атыраулықтарға тиесілі бөлігінде «Атырау» қорғаушысын аяғынан шалып қалғаннан кейін ойыншылар жанжалдасып қалды. Төреші Тимур ҚҰМАШЕВ ойыншыларды сабырға шақырды. Осынау жағымсыз жайттың нәтижесінде «Атыраудың» камерундық қорғаушысы Жак НГВЕМУ ескерту алып, «Қайсар» капитаны Асхат ТАҒЫБЕРГЕН алаңнан қуылды.
Бірнеше минуттан кейін жанкүйерлер төбелесіп кетті. Бұл сәт эфирде көрсетілмеді, бірақ комментаторлар атыраулық жанкүйерлердің қызылордалық фанаттар секторына ұмтылғанын айтты. Жанжал қақтығысқа ұласпады, ал мінбердегі секторлар арасында полиция мен Ұлттық ұланның қызметкерлері қалқан болып тұрды.
Менің ойымша, «Атырау» футболшылары қарқындарын бекер бәсеңдетіп, өз командаларының минималды басымдығын сақтап қалу үшін ойнай бастады. 87-минутта ойыншыны ауыстыруға шыққан «Қайсар» шабуылшысы Игорь ЗЕНКОВИЧ допты айып алаңынан дәл соқты - 1:1.
Матчтың негізгі уақыты тең аяқталды. Енді 15 минуттан тағы екі тайм ойнау керек болды. Бізде бір ойыншы артық еді, бұл діңкелеткен 90 минуттан кейін үлкен артықшылық болатын. Бірақ бірінші қосымша таймның басында Нгвем Григоренкоға ойынды бастауға кедергі келтіріп, екінші рет ескерту алды, сөйтіп бәсекелестер теңесті.
117-минутта айып алаңындағы ойын кезінде соқтығысу нәтижесінде «Атырау» қақпашысы Антун МАРКОВИЧ есінен танып қалды, ал оның орнын ауыстыруға бапкер Қуаныш ҚАБДОЛОВТА ешкім болмады. Мүсәтір спиртін иіскетіп, қақпашының есін жиғызуға тура келді. Медициналық топ көмек көрсеткен соң батыл хорват ойынды жалғастырды.
...Шешуші сәт 120-минутта, матчтан кейінгі пенальтиге бет бұрған кезде басталды. Бұрыштан доп берілгеннен кейін «Қайсардың» жартылай қорғаушысы Думан НАРДІЛДАЕВ орта қашықтықтан допты Марковичтің қақпасына салды. Осымен ойын аяқталды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ