Атырау қаласының 4 мыңнан астам мұғалімі кезінде төленбеген сауықтыру үстемеақыларын алды. Төлемдердің жалпы сомасы - 250 миллион теңге. Бұл туралы Атырау облысы прокурорының көмекшісі Қанат ҚАБДОЛОВ хабарлады.
Естеріңізге салсақ, мұғалімдер бірнеше жыл бойы сауықтыру жәрдемақысын тек нормативті оқу жүктемесі (18 сағат) үшін алып келген, алайда іс жүзінде олар 27-30 сағаттан жұмыс істеген. Бұл заң бұзушылықты адвокат Руслан ЖАҚЫПОВ анықтады, содан кейін прокуратура Атырау әкімінің атына заң бұзушылықты жою туралы ұйғарым шығарды.
Айта кету керек, қалалық бюджетте мұғалімдерге үстемеақыны төлеуге қаражат қарастырылмаған.
Прокурорлық әрекет ету шаралары бойынша қалалық әкімдік бюджет өтінімін дайындады. Оны мәслихат мақұлдап, көрсетілген сома толық төленді.
Нұргүль ХАЙРУЛЛИНА