Атырау, 24 қараша 04:05
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Басқа пәле «смайликтен»

Сурет
3 529 просмотра


Атырау қалалық №2 сотында азаматтық белсенді Дианара МҰҚАТОВАҒА қатысты қозғалған сот ісі жалғасуда. Ол екі жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін ҚР Қылмыстық кодексінің 405-бабының 2-тармағы (Қоғамдық бiрлестiкке қатысты олардың экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты қызметiне тыйым салу туралы сот шешiмi бола тұра, олардың қызметiне қатысу) бойынша айыпталуда. 1 қазанда сотталушыдан жауап алынды, бұл жолы оны қолдауға жергілікті белсенділер көп келді.

Мұқатованың адвокаты Жанар СҮНДЕТҚАЛИЕВА өз қорғалушысынан сұрады:

- Полицейлер мен айыптаушылар сізді ҚДТ-ны белсенді түрде, атап айтқанда, әлеуметтік желілердегі посттар мен лайктар арқылы қолдады деп мәлімдеп отыр. Солай ма?

- Олай емес. Мен полициямен де, прокурормен де мүлдем келіспеймін. Мен өз басым ҚДТ-ны ешқашан қолдаған емеспін. ҚДТ туралы әлеуметтік желі қолданушылардың пікірі әртүрлі, біреу мақтайды, біреу даттайды. Иә, мен ҚДТ посттарымен бөлістім, бірақ азаматтардың пікірін білу үшін ғана. Мысалы, мынадай фотосурет болды: полицей формасындағы ер адам «Полиция халықпен бірге» деген плакатпен суретке түсіпті. Маған қызық болды, мен бұл суретті әлеуметтік желіде бөлістім, бірақ ештеңе жазған жоқпын, жай ғана «ойланып» тұрған смайл қойдым.

- Сіз наразылық шараларына қатыстыңыз ба?

- Жоқ.

- Айыптау тарапы сізді ҚДТ чатында отырып, осы чаттың белсенді қатысушысы болды деп мәлімдейді. Солай ма?

- Мен ондай чатты көрген емеспін және білмеймін де. Бәлкім, тергеушілер қателескен шығар.


Содан кейін прокурор Нұрболат АБИЛОВ сұрақтар қойды.

- Сіз Facebook-ке қашан тіркелдіңіз?

- 2011 жылы.

- Сіз Астана қаласы Есіл аудандық сотының ҚДТ-ға қатысты шешімін білесіз бе?

- Иә, өткен жылы Есіл аудандық сотының шешімімен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының қызметі экстремистік деп танылып, еліміздің аумағында тыйым салынды.

- Сіз неге Әбілязов пен ҚДТ-ның посттарымен бөлістіңіз?

- Азаматтардың пікірін білу үшін.

- Сіз Жеңіс саябағына барып, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында құрбан болғандарды еске алу үшін гүл шоқтарын қоюға шақырдыңыз ба?

- Иә, біз мұны жыл сайын жасаймыз. Бұл тек белсенділердің ғана емес, барлық азаматтардың міндеті деп есептеймін.

- Сіз жай репост жасап, лайк бастыңыз ба? - деп сұрады төрағалық етуші судья Жұмағали ТАХИМОВ.

- Иә, тек репост пен лайк.

- Ал сіз бұл посттарды басында кімнің жариялағанын білдіңіз бе?

- Жоқ. Мен іздеп көрмедім.


Содан кейін судья қылмыстық іс материалдарында тіркелген Дианара Мұқатованың аккаунттары мен посттарының скриндерін көрсетті. Сотталушы барлық скриндер өзіне тиесілі екенін растады, бірақ екеуі оның күдігін тудырды. Адвокат оларды қылмыстық істен алып тастау туралы, сондай-ақ скриндерді жарамсыз дәлел деп тану туралы өтініш берді. Судья бұл өтініштер бойынша шешімді келесі отырысқа қалдырды.

Бүгін, 2 қазанда сот отырысында тараптардың жарыссөздері өтеді.

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген автор

2 қазан 2019, 11:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.