Атырау, 24 қараша 06:18
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Аса маңызды істер бойынша тергеушіге қойылған ыңғайсыз сұрақтар

Сурет
5 935 просмотра
Дианара МҰҚАТОВА (оң жақта)

№2 қалалық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 405-бабының 2-тармағы (Қоғамдық бiрлестiкке қатысты олардың экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты қызметiне тыйым салу немесе тарату туралы заңды күшiне енген сот шешiмi бола тұра, олардың қызметiне қатысу) бойынша айыпталған азаматтық белсенді Дианара МҰҚАТОВАҒА қатысты сот процесі жалғасуда. Залда Мұқатованы моральдық тұрғыдан қолдауға келген жергілікті белсенділер Дария Ұлжағалиева, Талғат Аян, Минал Кенжеков, Құбайдолла Шолақ, Гүлзада Исмурзиева және басқалар болды.



Бұрын куәгер ретінде шақырылған Атырау облыстық Полиция департаментінің экстремизмге қарсы күрес басқармасының тергеушісі Жазылхан КЕНЖЕАЛИЕВ пен осы басқарманың жедел уәкілі Талғат НӘСІПҚАЛИЕВ бұл күні келе алмады: ресми нұсқа бойынша, жұмыстары өте көп болуына байланысты екен. Тек аса маңызды істер бойынша тергеуші Дәурен АЙДОСЫНОВ келді.


Дәурен АЙДОСЫНОВ


Мұқатованың адвокаты Жанар СҮНДЕТҚАЛИЕВА куәгерден жауап алуға кірісті:

- Қылмыстық іс қозғап, сараптама тағайындаған сіз бе?

- Иә. Жедел уәкіл Талғат Нәсіпқалиевтің баянаты бойынша қылмыстық іс қозғадым. Мұқатованың телефонын және оның әлеуметтік желідегі жеке парағын қарап шықтым.

- Сіз оның ҚДТ-ға қатысты посттарын көрдіңіз бе?

- Ол ҚДТ жарияланымдарын репост жасаған.

- Сіз өз баянатыңызда Мұқатованың «ҚДТ чатының» қызметіне белсенді қатысады деп көрсеттіңіз. Сіз нені меңзедіңіз? Бұл чат қайда?

- Бәлкім, бұл жедел уәкілдің қателігі шығар. Маған қандай баянат түседі, солай автоматты түрде менің баянатым жазылады.

- ҚР азаматының өз пікірін ашық білдіруге құқығы бар ма?


Жұмағали ТАШИМОВ


- Бұл сұрақ осы қылмыстық іске қатысты емес, - деп Айдосынов неліктен екені белгісіз, судья Жұмағали ТАШИМОВТЫҢ міндетін өз мойнына алып, жауап беруден бас тартты. Бірақ судья талап еткен соң бұл сұраққа жауап беруге тура келді:

- Егер заң аясында болса. Заң сөз бостандығын қарастырады.

- Әлеуметтік желілерде сотталушының репостына комментарийлер болды ма? – деп сұрады судья.

- Есімде жоқ, егер қылмыстық істе комментарийлер болмаса, демек болмаған.

...Сот отырысы аяқталғаннан кейін белсенділер қызу талқылауға кірісті:

- Оның ісін аса маңызды істер жөніндегі тергеушінің тергегені қызық. Оның шынымен «аса маңызды» болғаны ма? Репост үшін соттайды, тіпті, онда комментарийлер де болған жоқ қой!

Процесс 13 қыркүйекте жалғасады. Сотқа тергеуші Ж.Кенжеалиев пен жедел уәкіл Т.Нәсіпқалиев келуі тиіс.

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген автор

12 қыркүйек 2019, 10:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.