29 қыркүйекте «Мұнайшы» стадионында «Атырау» және «Оқжетпес» (Көкшетау) командалары арасында футбол бойынша ел чемпионатының 28-турының матчы өтті. Турнир кестесінің ортасына орныққан меймандардың алдында ешқандай турнирлік міндеттер жоқ еді, бірақ ойын тартысты өтіп, тең аяқталды.
Алаң иелері бүкіл ойынды дерлік он ойыншымен өткізді. 3-минутта қорғаушы Виталий УСТИНОВ қақпаға қарай жүгірген меймандардың жартылай қорғаушысы Дарко ЗОРИЧТІ қолымен тоқтатып, сол үшін алаңнан қуылды. Төрешімен біраз дауласқаннан кейін ереже бұзушы киім ауыстыратын бөлмеге беттеді.
25-минутта бразилиялық Данило Альмейда АЛВЕС берілген айып добын керемет шеберлікпен орындап, «Оқжетпесті» алға шығарды. Бірақ 5 минуттан кейін ақ-жасылдар құрамындағы ресейлік легионер Исламнур АБДУЛАВОВ есепті теңестірді. Бұл оның чемпионаттағы бесінші голы болатын. Дереу оны қорғаушы Бубакар МАНСАЛИ алмастырды. Матчтан кейін бас бапкердің міндетін атқарушы Қуаныш ҚАБДОЛОВ қисынға келіңкіремейтін алмасуды былай деп тұжырымдады: «Жанкүйерлердің Абдулавовты амастыруға қатысты наразылықтарына келетін болсақ, бізге легионерлердің бірін өзгерту қажет болды. Сондықтан мен Исламды шығару керек деп шештім». Бірақ тағы бір нұсқасы бар: команда басшылығы бұл шешімді жетекші ойыншысын 6 қазанда елордада өтетін Кубок финалына тың сақтау мақсатында жасаған.
35-минутта жартылай қорғаушы Алекс БРУНО пасынан кейін алаң иелерінің поляк шабуылшысы Петр ГЖЕЛЬЧАК қақпашымен бірге-бір шығарып, есепті еселеді.
Екінші таймда «Атырау» жеңісті есепті сақтап қалуға тырысып, тек қорғанысқа көшті. Меймандар үздіксіз шабуылдап, өз мақсаттарына жетті: 65-минутта Зоричтің берген добын Милан СТОЯНОВИЧ басымен Нұрболат ҚАЛМЕНОВТІҢ қақпасына дәл бағыттап, есепті теңестірді. Матч осылай - 2:2 есебімен аяқталды.
Айта кетер тағы бір жайт, чемпионат аяқталуға екі тур қалды. Осы күні Лигада қалу үшін күрестегі басты қарсыласымыз «Тараз» командасы да «Ақтөбемен» тең ойнап, бір ұпайға ие болды.
«Атырауда» 20 ұпай, оңтүстік командада 21 ұпай бар. Командамыз енді қарағандылық «Шахтермен» сырт алаңда және «Жетісумен» өз алаңында кездеседі. Қарсыластарымыздың алдында қазір ешқандай турнирлік міндеттер жоқ. «Тараз» командасы «Оқжетпеспен» сырт алаңда және «Шахтермен» өз алаңында кездесу өткізеді. Осы жерде ойымызға түрлі қитұрқы ойлар келуі мүмкін... Дегенмен қалған ойындар спорттық тұрғыда тартысты өтеді деп сенеміз.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ