Атырау, 5 желтоқсан 09:09
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

"Мұнайшыдағы" шарасыздық

4 216 рет қаралды


25 қыркүйекте жартылай бос «Мұнайшы» стадионында «Атырау» және «Астана» командалары арасында футболдан ел чемпионатының 23-ші турының кейінге қалдырылған матчы өтті.

«Атырауға» ұпай Премьер-Лигада қалу үшін ауадай қажет болса, қазіргі чемпионға өз титулын қорғау үшін керек. Яғни, меймандардың ұпай сыйлайтын ойлары да болмады. Оған қоса, олардың ойыншылары шебер, ойындары жақсы ұйымдастырылған.

Матчтың 12-минутында есеп ашылды. Меймандардың қорғаушысы Лука ШИМУНОВИЧ бұрыштан берілген допты қақпаға дәл бағыттады. 4 минуттан кейін «Астана» құрамындағы тағы бір хорват Марин ТОМАСОВ «Атыраудың» айып алаңында шебер ойнап, бірнеше қарсыластарын айналып өтіп, тамаша гол соқты, есеп - 2:0.

35-минутта сол Томасов алаң иелерінің қақпашысы Антун МАРКОВИЧТІҢ қақпадан алыс тұрғанын көріп, алаң ортасынан қақпаны дәл көздеді, есепті 3:0 қылды. Бірінші таймға қосылған қосалқы минутта «Астананың» румындық легионері Дорин РОТАРИУ қақпашымен бірге-бір шығып, есепті еселеді.

0-4 есебімен ұтылып жатқан алаң иелері екінші таймда ойын барысын өзгерту үшін ештеңе жасай алмады. Қуаныш ҚАЛМҰРАТОВТЫҢ добы көп жұбаныш бола қоймады. Ойын 4:1 есебімен «Астана» пайдасына аяқталды.

«Атырау» бұрынғыша турнир кестесінде соңғының алдындағы 11-орында тұр. Ал «Астана» осы жеңістен кейін көшбасшылар үштігіне кіріп, шымкенттік «Ордабасыны» төртінші орынға ығыстырды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

26 қыркүйек 2019, 11:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.