Атырау, 21 желтоқсан 16:49
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

3 319 просмотра

ШАЙБАЛЫ ХОККЕЙ


17-18 қыркүйекте Атыраудағы Мұз сарайында «Бейбарыс» пен өскемендік «Алтай Торпедо» командалары арасында хоккейден ел чемпионатының 3-тур матчтары өтті.

Бірінші матчта алаң иелері 2:4 есебімен жеңіліп қалды. «Бейбарыс» құрамында Иван Кучин мен Альберт Вишняков көзге түсті. «Байбарыс» екінші кездесуде де 1:3 есебімен ұтылды, айдын иелерінен Константин Куликов гол соқты.

Демалыс күндері 4-турдың екі матчы өтті. «Бейбарыс» өз айдынында бұл жолы «Ертіспен» (Павлодар) ойнады. Бірінші кездесу негізгі және қосымша уақытта 3:3 есебімен тең аяқталып, айыпсоққылар соғуда айдын иелерінің жолы болды. Ал екінші кездесуде «Ертіс» футболдағыдай 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Суретті түсірген Фархат ӘБІЛОВ


БОКС

Алматы облысының Іле ауданында кәсіпқойлар арасында бокстан «Ұлы дала жекпе-жегі» турнирі өтті. Кәсіпқой рингте атыраулық боксшы Бекболат Құрамысов (69 кг дейін) өзінің кәсіпқойлар арасындағы алғашқы кездесуін өткізді. Қырғызстандық боксшы Канатбек Мухаммад Али оған қарсылас болды. Үш раундтық жекпе жек нәтижесі бойынша Бекболат төрешілердің бірауыздан қабылданған шешімімен жеңіс тұғырынан көрінді.

* * * * *

Тағы бір атыраулық Ержан Ордабаев кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуінде табысқа жетті.

Мәскеудегі бокс кешінің аясында Ордабаев бірінші жартылай орташа салмақта белорус Антон Бекишпен кездесті. Бірінші раундта Ержан қарсыласын екі рет нокдаунға түсірді, ал ол екінші раундқа шықпай, жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Өткен жылы Ордабаев студенттік әлем чемпионатында қола алқа жеңіп алған еді.

* * * * *

Жамбыл облысының Қордай ауданында жасөспірімдер арасында Ә.Оңалбаевты еске алуға арналған республикалық турнир өтті. Бұл жерде Атырау намысын бапкер Ринат Басаровтың жетекшілігімен БЖСМ-4 жас боксшылар командасы қорғады.

Әлихан Шаден мен Әнуарбек Марат күміс, Айтжан Дүйсеш қола жүлдеге ие болды.


ТУРНИРЛЕР

«JastarSportFest» әлеуметтік жобасы аясында Өңірлік дене шынықтыруды дамыту орталығы спорттың 5 түрінен қалалық жарыстар өткізді. Оған Атырау қаласының 19 мектебінен үш жүзге жуық оқушы қатысты.

Футзалда №38 мектеп командасы үздік деп танылды. Волейболдан №35 мектеп командасы барлығын жеңіп шықты. Әскери-қолданбалы спорт түрлерінен командалық жарыстарда М.Өтемісов атындағы мектеп жеңіс тұғырынан көрінді.

60 метрлік жарыста №36 мектептің оқушысы Аружан Төлеу мәреге бірінші болып жетті. 100 метрлік қашықтықтан №5 мектептің оқушысы Тухаш Бауыржан, ұзындыққа секіруден №15 мектептің оқушысы Әділбек Каленов бірінші орын алды.

Тоғызқұмалақ бойынша өткен жарыстарда қыздар арасында Диляра Ерболат, ұлдар арасында - Нұрдәулет Төлегенов жеңімпаз атанды. Барлық жеңімпаздар 14-27 қазан аралығында Щучинск қаласында өтетін республикалық жарыстарға жолдама алды.


ДЗЮДО

Ташкентте парадзюдодан Гран-при сериясының турнирі өтті.

Атыраулық Әнуар Сариев 60 келіге дейінгі салмақта қола алқа жеңіп алса, 73 келіге дейінгі салмақта тағы бір атыраулық спортшы Дәулет Теміржан 5-орынға ие болды.


КАРАТЭ

Иранда олимпиадалық каратэден халықаралық «UrmiaOpen» турнирі өтті.

Бұл жерде 67 келіге дейінгі салмақта атыраулық спортшы Әбілмансұр Батырғали қола алқа жеңіп алды. Алдын ала жекпе-жектерде әзірбайжандық екі спортшыны және Армения, Иран, Өзбекстан спортшыларын ұтып, жартылай финалда ирандық спортшыға есе жіберіп алды.


ҚАЗАҚ КҮРЕСІ

Ақтөбеде өткен V Ұлттық спорт түрлерінің республикалық фестивалінде облыс құрамасы тамаша жетістіктерге жетті.

Эльмира Самиғоллаева мен Назгүл Құбашева алтын алқа, Қалжан Тайжанова мен Арман Қалиев қола алқа алды.

26 қыркүйек 2019, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.