Атырау, 18 желтоқсан 17:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 524.66
€ 550.21
₽ 5.09

Даладағы дауыл немесе Прорвада мұнай қалай өндіріледі

Сурет
9 542 просмотра


Біз, атыраулықтар, өз жерімізде мұнай өндірілетініне, одан түсетін кірістер еліміздің, содан кейін, әлбетте, өңіріміз бюджетінің басым бөлігін құрайтындығына үйренгенбіз. Ал бұл кәсіпшілікте, кен орнында қалай өндіріледі? Жақында «ЕмбіМұнайГаз» АҚ журналистер мен блогерлер үшін өзінің ең шалғайдағы алаңы - Жылыой ауданындағы Прорва кен орны тобында пресс-тур ұйымдастырды.

Прорва тобы «Жылыой Мұнайгаз» МГӨБ-не жатады және Атырау мен Маңғыстау облыстарының шекарасында, Атыраудан 400 км қашықтықта орналасқан. Бұл Теңіз кен орнынан 200 шақырымдай әрі, Каспий теңізіне жақын жерде.

Таңертең ерте шыққан автобус бізді «Каспий самалы» вахталық поселкесіне күндізгі сағат 2-де жеткізді. Сол жерде асханада түстеніп, вахта жұмысшыларымен сөйлестік. Әрқайсымызға маман киімдері, каска және арнайы бәтіңкелер берілді - онсыз өндіріске кіргізбейді. Содан соң нысандарды бетке алдық.


Бірінші нысан - ұңғымалардан өндірілген мұнайды қабылдайтын Дайындау және айдау пункті. Бұл жерде «қара алтын» сақталатын резервуарлар мен айдау жүйесін көрсетті. Бүкіл жұмыс автоматтандырылған және операторлар басқарады. Айтпақшы, келесі жылы бұл нысанды жаңарту жоспарланған.

Прорва тобына төрт кен орны кіреді – Сағидолла Нұржанов кеніші, мұнда бұрғылау 1959 жылы басталған, 1960 жылы алғашқы мұнай алынып, 1966 жылдан бастап өнеркәсіптік пайдалану басталған; Ақтөбе кеніші 1970 жылдан бері пайдаланылуда; Батыс Прорва - құрылым 1961 жылы табылған, 1968 жылы жоғарғы юра шөгінділерін сынау кезінде алғашқы мұнай ағыны аққан; Досмұхамбетов кеніші 1979 жылы ашылған.

Бізге 2018 жылы «ЖылыойМұнайГаз» МГӨБ бойынша өндіру көлемі 1 млн 110 мың тонна, ЕМГ-нің жалпы өндірісі 2 млн 895 мың тонна екенін хабарлады.

- Жалпы МГӨБ-де 11 кеніш бар, қызметкерлердің жалпы саны 1340 адам, Прорвада 500 адам жұмыс істейді. Мұндағы жұмыс жасап тұрған ұңғыма қоры - 300, бұл бүкіл МГӨБ ұңғымаларының жартысы. Өндірістің негізгі көлемі бұл жерде де 70%-дан асады. Ұңғымалардың көпшілігі табиғи режимде жұмыс істейді, бірақ бұрқақты ұңғымалар да бар. Мұнайдың орналасу тереңдігі - 3 мың метр шамасында.

Содан кейін бізді интеллектуалдық ұңғымаларға апарды, жұмыс процесін интеллектуалдық басқару станциясы (ИБС) басқаратындықтан, оларды осылай атайды екен.

- ИБС арқылы қуат үнемдейміз, ұңғымалар дебетін көбейтеміз, кеңседен автоматты түрде динамикалық деңгейді реттейміз. Бүкіл Прорва тобында осындай 170-дей ұңғыма бар. Осы №114 ұңғымасы юра қабатынан игереді, тереңдігі 3 мың метрге жуық. Тәуліктік өндіру көлемі 17,4 текше метр, - деді кеніш геологы.


ОҚИҒА ІЗІМЕН

Биыл 17 тамызда С.Нұржанов кенішіндегі №302 ұңғымада технология сақталмағандықтан ұңғыманың сағасы герметизациясын жойып, газ-су қоспасы атқылаған еді. Бұл туралы «АЖ» жазған болатын. Қазір ол жердегі жағдай қалыпты екенін көрсету үшін журналистерді осы ұңғымаға апарды.

Автобустан түскен кезде құмды дауылға тап болдық, айнала топырақ борап тұр. Ұңғыма жанында адамдар жұмыс істеп жатыр. Күні бойына осындай жағдайда жұмыс жасап жатқан олардың не жаны бар екен деп ойладым.

Бізге газ-су қоспасының жедел жойылғанын, 19 тамызда төгінді салдарын жою бойынша барлық жұмыстардың аяқталғанын, ұңғыманың қалпына келтірілгенін көрсетіп, әңгімелеп берді.


БӘРІ САТЫЛЫМҒА

Келесі нысан – 2017 жылы желтоқсанда іске қосылған ілеспе газды тазарту қондырғысы, қуаты жылына 150 миллион текше метр.

Мұнда ілеспе мұнай газы күкіртсутектен тазартылып, тауарлық өнім: тауарлық газ, тұрақты газ конденсаты және түйіршікті күкірт шығарылады.

- Қазақстанның экологиялық заңнамасының талаптарына сәйкес, барлық ілеспе мұнай газы міндетті түрде кәдеге жаратылады. Бұл қондырғының іске қосылуы алауларда газ жағуды тоқтатуға мүмкіндік берді. Тауарлық газ «Қазтрансгаз» АҚ жүйесіне сатылады. 2018 жылы қондырғыда шамамен 147 миллион текше метр газ өңделді, оның 98 миллион текше метрі сатылды, 34 миллион текше метрі жеке қажеттіліктерге пайдаланылды. 4 мың тоннадан астам конденсат, 350 тонна түйіршікті күкірт өндірілді, оның 250 тоннасы сатып алушыларға жөнелтілді, - деді ЕМГ газ шаруашылығы және энергетикамен қамту жөніндегі басқарушы директоры Бауыржан СЕЙІТҚАЗИЕВ.

Оның айтуынша, қондырғыда 2 ауысыммен 100 адам жұмыс істейді. Жыл басынан бері шамамен 82 миллион текше метр тауарлық газ сатылды.

Біз түйіршікті күкірттің бигбагиге - үлкен пакеттерге қалай қапталғанын, тіпті оны қолымызға ұстап та көрдік.

Кен орындарындағы көмірсутек қорлары туралы сұрақтарға жауап бере отырып, МГӨБ өкілдері қазір тұзүсті кешендерінің игеріліп жатқанын, болашақта 3500 метр тереңдікте тұзасты кешендерінің де өндірілетінін атап өтті.


МҰНАЙ ТАРИХЫ

Қалаға келе жатып әріптестеріммен Прорва сөзінің нені білдіретінін талқыладық - мүмкін «прорвало» деген сөзден шыққан болар? Бірақ жүргізуші басқа нұсқаны айтты - бұл жердің атауы «бір арба» деген сөз тіркесінен шыққан екен. Өткен ғасырдың басында сол маңда айлақ болған. Жергілікті тұрғындар, көбіне балықшылар көпестерге балық сатқан. Балықтың көп болғаны сондай, бір арбаны өлшем бірлігі ретінде қолданыпты.

Биыл 120 жыл болған қазақстандық мұнай тарихынан сыр шертейік. 18 ғасырдың басында князь Александр Бекович-Черкасский І Петрдің бұйрығымен қазіргі Атырау облысы аумағының географиялық ерекшеліктерін зерттеп, экспедициядан кейін есеп берген.

Ал 19 ғасырдың екінші жартысында мұнайдың бар екендігін көрсеткен геологиялық зерттеулер басталған. Алдымен шағын орыс кәсіпкерлері қаржы салған. Олардың алғашқысы - Юрий Лебедев Қарашүңгіл шатқалының маңайында мұнай шығып жатқанына назар аударып, 1892 жылы барлауға өтініш жасаған.

Алайда, оның ақшасы тез таусылып, өз үлесін 26 мың рубльге отставкаға шыққан капитан Леманға сатып жібереді. Ол Ембіде Леман және Ко (1898-1909 жж.) деп аталатын алғашқы мұнай кәсіпшілігі кеңсесінің негізін салады. Компания үш жылға пайдалы қазбаларды барлау құқығына ие болған.

Концессия 24 мың шаршы шақырым жерді алып жатты. 1899 жылы 18 қарашада Қарашүңгіл кен орнында 25 мың тонна жеңіл мұнай шығарған алғашқы бұрқақ атқылады. 1908 жылы Ескене кен орнында мұнайшы кәсіпкер Стахеев 228 метр тереңдіктен тәулігіне 8 тонна мұнай шығаратын жеңіл мұнай бұрқағын алды.

Алайда, осы жердегі мұнайлы аудандар 1911 жылдың сәуірінде Доссорда өзінің химиялық құрамы бойынша Баку мұнайынан асып түсетін ірі мұнай кен орны табылғаннан кейін әлем назарын өзіне аударды. Қысқа уақыт ішінде Батыс-Орал мұнай қоғамы, Орталық Орал-Каспий қоғамы, Солтүстік Каспий мұнай компаниясы өңірдегі мұнай өндірісін бастады. Онда британдықтардан басқа Германия, Франция және Швейцария инвесторлары акциялардың бір бөлігін иеленді. Доссор мұнай кен орны ашылғаннан кейін бірнеше жыл өткен соң, 1915 жылы «Нобель» компаниясы ашқан Мақат кен орнында алғашқы мұнай өндірілді. Көп ұзамай Доссор мен Мақат жылына 200 000 тонна мұнай өндіре бастады... Қазақстан мұнайның тарихы осылай басталды.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттерді түсірген автор

16 қыркүйек 2019, 15:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.