
Атырау облысының Құрманғазы ауданында тұратын спортшы Ерсейіт Бралин жаңа рекорд орнатты.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Ол салмағы 165,2 тонна болатын жеті теміржол вагонын 9,75 метрге сүйреп, Қазақстан рекордтар кітабына енді.
Бұл жетістік ресми түрде тіркеліп, оған КИнЭС–2026 рекордтар кітабының кейіпкері атағы берілді.
Ерсейіт бұған дейін де күш сынап, 2024 жылы 94 тонналық вагонды сүйреп, Батыс өңірінде рекорд жаңартқан болатын.
Ол пауэрлифтингтен әлем чемпионы, Азия чемпионатының қола жүлдегері әрі «Толағай алыптар» сайысының жеңімпазы. Сонымен қатар пауэрлифтинг пен грэпплингтен спорт шебері.
Қазіргі таңда спортшы аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінде бөлімше командирі қызметін атқарады.
Оның бұл жетістігі жеке табандылығы мен жоғары дайындықты ғана емес, елімізде күш спорттарының қарқынды дамып келе жатқанын да дәлелдейді.
В Атырау +26.3