
Қазақстанның серіктес елдері ОПЕК+ келісіміндегі шектеулерге қарамастан, мұнай жеткізілімін көбейтуді өтініп отыр. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Аккенженов Reuters агенттігіне мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, әлемдік нарықта қазақстандық мұнайға сұраныс жоғары.
«Әлемге Қазақстан мұнайы қажет екенін білеміз және біз серіктестеріміз үшін сенімді жеткізушіміз. Ормуз бұғазындағы шектеулерге байланысты серіктестеріміз жеткізілімді арттыруды сұрап отыр», – деді ол.
Аккенженовтің сөзінше, серіктестер Қазақстаннан мүмкіндігінше ең жоғары көлемде мұнай жеткізуді сұрауда. Алайда елде қазіргі өндіріс деңгейінде инфрақұрылымдық шектеулер бар.
Өндірісті ұлғайту үшін Қазақстан Қашаған кен орнындағы жөндеу жұмыстарын 2027 жылға шегерді. Сонымен қатар, Баку – Тбилиси – Джейхан мұнай құбыры арқылы экспорт көлемін арттыруға дайын.
Бұрын бұл бағытпен жылына 1,5 млн тонна мұнай тасымалдау жоспарланған болса, енді көрсеткіш 2,2 млн тоннаға және одан да жоғары деңгейге жеткізілмек.
Бұл маршрут дәстүрлі бағыттарды айналып өтіп, қазақстандық мұнайды әлемдік нарыққа жеткізуге мүмкіндік береді.
В Атырау +26.3