17 тамызда Атырау облысында орналасқан Батыс Прорва кен орнындағы ұңғымалардың бірінде апат болып, газ бен су шығарындысы атқылаған.
«АЖ»-ға «Ақберен» Атырау филиалының директоры Еркін ШПАНОВ хабарлағандай, бұл ұңғымада апатты жағдайлардың алдын алу жұмыстары жасалған.
- Мұнайшылар күні бойы өз күштерімен күресуге тырысты, бірақ қысым 30-35 атмосфераға жеткенде, бізден көмек сұрады. Дабыл бойынша біздің мамандандырылған топ сол жерге барып, тәулік ішінде апатты жойды. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
23 тамызда «Ембімұнайгаз» АҚ Батыс Прорва кен орнында болған оқиғаға қатысты түсінік берді:
«ЕМГ-ге қарасты «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-нің С.Нұржанов атындағы кен алаңдары тобының №302 ұңғымасы 1981 жылдан бері пайдаланылуда.
Қабат суының түзілуін шектеу үшін 2019 жылғы 02 шілдеде ұңғыма ЕМГ-нің мердігер мекемесі – «ҚазТехМұнайСервис» ЖШС-не (бұдан әрі КМТС) берілді. Ал, ол өз кезегінде ұңғымаларды күрделі жөндеу (ҰКЖ) бойынша жұмыстарды қосалқы мердігер «Геоконтроль» ЖШС-не тапсырды. Ағымдағы жылдың 17 тамызында «Геоконтроль» ЖШС жұмыс бригадасының өндіріс технологиясын сақтамауына байланысты ұңғыманың сағасы ашылып кетіп, газ-су қоспасының ағуы орын алды.
18 тамызда «ПВАСС» РМК «Ақберен» Атырау филиалының күшімен газ-су қоспасының ағуы тоқтатылды. Тапсырыс беруші – ЕМГ тарапынан газ-су қоспасының ағуын жедел жою және қоршаған ортаға әсерді азайту мақсатында материалдармен, жабдықтармен және арнайы жабдықтармен қамтамасыз етуде жан-жақты көмек көрсетілді.
19 тамызда төгілуді жою бойынша барлық жұмыстар аяқталды. Ұңғымалар аумағы қалыпқа келтірілді. Қазіргі таңда ҰКЖ жоспары бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Бұл оқиға Қаламқас кен орнында ұңғыманы бұрғылау кезінде болған су-газ қоспасының атқылауы (грифон) апатының аналогиясы емес».
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
«КӘАҚҚ РОШ» «Ақберен» Атырау филиалы жолдаған суреттер