Бүгінгі таңда Атырау облысында 3820 жеке тұлға тұрғын үйді ресми жалдап отыр, оның ішінде жыл басынан бері 1030 жеке кәсіпкер тіркелген. Мемлекеттік кірістер департаментінде бұл цифрдың айтарлықтай көбеюіне - белсенді түсіндіру жұмыстары, сондай-ақ, өткізілетін рейд нәтижелері себеп болғандығына сенімді. Ал Атырау полициясы бұл салада алаяқтықтың көбейгенін атап өтті.
САЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ ІЗДЕЙДІ...
- Тұрғын үйді заңсыз жалға беру фактілерінің алдын алу мақсатында Департамент әлеуметтік желілерде түсіндірме шараларын өткізеді, сауда-ойын-сауық орталықтарында, базарларда, халыққа қызмет көрсету орталықтарында және басқа да халық көп жиналатын жерлерде ақпараттық буклеттер таратылады. Бұдан басқа, Krisha.kz, olx.kz сияқты сайттардағы жарнамаларды үнемі қадағалап отырамыз, полициямен бірлескен рейдтер өткіземіз. Бұл бірнеше ай ішінде мыңнан астам жеке тұлғаларды жеке кәсіпкер ретінде тіркеуге мүмкіндік берді, - деп хабарлады Атырау облысы бойынша МКД-де.
Салық органдары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-нан меншігінде бір объектіден көп жылжымайтын мүлкі бар жеке тұлғалар туралы мәліметтерді сұратып алған. 3 немесе одан көп пәтерлі 404 жеке тұлға анықталды. Қарапайым логикаға сүйенсек, МКД оларға «бос» тұрғын үйді жалға берген жағдайда олар ЖК тіркеуі тиіс екендігі туралы хат жолдаған. Бірақ бұл жерде де нюанстар бар:
- Салық заңнамасына сәйкес, тұрғын үйді басқа жеке тұлғаға жалға берген жеке тұлға, егер осы жалдаудан түскен табыс ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы. Бірақ бұл жағдайда ол жыл сайын жеке табыс салығы бойынша декларация тапсыруы керек.
...ПОЛИЦИЯ ІЗДЕЙДІ...
Атырау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жыл басынан бері МКД-мен бірлесіп, заңсыз жалға берушілерді анықтау мақсатында 15 рейд өткізілген. Жалпы сомасы 37 875 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
- Бұдан басқа, пәтерді тәулікке жалға алып, оны кейін арзанға басқаға ұзақ мерзімге «жалға беріп», ақшасын алдын ала алып, ғайып болатын алаяқтар бар, - деп хабарлады полиция.
Қалай болғанда да, полиция жалға берушілермен ресми келісімшарт жасауды ұсынады. Бірақ олардың көпшілігі, алаяқтар болмаса да, салық органдарының көзіне түспеу үшін бұл әрекеттен бас тартады.
Мысалы, Привокзальныйдағы бір бөлмелі пәтердің жалға алу құны айына 35 мың теңгеден, екі бөлмелі пәтер - 60 мыңнан, үш бөлмелі пәтер - 80 мыңнан басталады.
Фархат ӘБІЛОВ