ДЗЮДО
«Атырау» ДСК-де парадзюдо бойынша Азия мен Океания лицензиялық чемпионаты өтті. Турнир қожайындарының қоржынына 1 алтын, 2 күміс және 1 қола алқа салынды.
73 келіге дейінгі салмақта атыраулық спортшы Дәулет Теміржан алтын алқаға ие болды. Өткен паралимпиадаға қатысушы Әнуар Сариев 60 келіге дейінгі салмақта күміс алқа алды. 90 келіге дейінгі салмақта қола алқаны Аманжол Жанбота жеңіп алды. Әйелдер арасындағы сайыста Зарина Байбатина күміс алқаға қол жеткізді.
Чемпионат соңында алқалардың соңғы жиынтығы командалық жекпе-жек жарыстарында ойналды. Осы санаттағы алтын алқаны финалда Өзбекстан құрамасын 3:2 есебімен жеңген Қазақстан құрамасы жеңіп алды. Қола алқаларды Жапония мен Корея құрамалары иеленді.
***
Ресейдің Ишим қаласында 2006-07 жылғы қыздар арасында ашық турнир өтті. Оған қатысқан №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің алты оқушысының бесеуі жүлделі орындармен оралды.
Әсел Русланова мен Дәмелі Асылханова алтын алқаға, Жаңылсын Мұхатова күміс алқа, Зере Өтепқали мен Қатима Базарқызы қола алқаға қол жеткізді. Спортшыларды бапкерлер Данияр Жақсиев пен Қалжан Тайжанова жаттықтырды.
ХОККЕЙ
6 қыркүйекте хоккейден ел чемпионатының кезекті маусымы басталды. Көкшетаудағы алғашқы көшпелі матчта «Бейбарыс» командасы жергілікті «Арланнан» 0:4 есебімен жеңілді.
Есесіне келесі күні «мәмлүктер» алаң иелерін 6:2 есебімен жеңді. Меймандар арасында Роман Смирнов, Александр Писарев, Альберт Вишняков, Андрей Иванов, Александр Дзедаев және Константин Савенков ерекшеленді.
КАРАТЭ
Таразда кекушинкай каратэ-до бойынша Азия кубогы өтті. Бұл жерде атыраулық спортшылар екі алқа жеңіп алды.
Рустам Қуантыров 60 келіге дейінгі салмақта алтын алқа, Ерсайын Идеятов 70 келіге дейінгі салмақта қола алқа жеңіп алды. Палуандарды жаттықтырушылар Т.Сәрсенов пен А.Дүйсембай дайындады. Спортшылар мен жаттықтырушылар облыстық спорт басқармасының басшысы Р.Х.Ибрагимовқа қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреді.
КҮРЕС
Атыраулық спортшылар командасы Дағыстанның Буйнакск қаласында М.Асхабовтың жүлдесі үшін грек-рим күресі бойынша Бүкілресейлік жасөспірімдер турниріне атыраулық спортшылар командасы қатысты.
50 келіге дейінгі салмақта алтын алқаны №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Махамбет Садықовтың шәкірті Дмитрий Жигин жеңіп алды. Команданың басқа мүшелері - Фархад Сағынтай, Ерболат Базарбаев және Сұлтанбек Сисенғалиев өздерін жақсы жағынан көрсетті.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ