9 қыркүйекте Ұлыбритания патшайымы Елизавета II үкіметке Еуропа одағы құрамынан Еуроодақпен келісім жасамай және оны парламент мақұлдамай шығуға тыйым салатын заңға қол қойды. Бұл заң үкіметті 18 қазанда өтетін Еуропа кеңесі отырысында Еуроодақпен келісімге қол жеткізуге міндеттейді. Егер Брюссель Лондон ұсынған келісім жобасына келіспесе, онда британ премьер-министрі 2020 жылғы 31 қаңтарға дейін мұрсат беруін сұрауы керек деп хабарлайды Reuters.
Әуелде Ұлыбритания Еуропа одағынан 2019 жылғы 29 наурызда шығып кетпекші болған. Бірақ ол мерзімге дейін одақ құрамынан шығу шарттарын әзірлеп үлгермеген еді. Сәуірде Брюссельде өткен Еуропа одағының кезектен тыс саммитында одаққа мүше 27 ел Лондонға 31 қазанға дейін мұрсат беруге келіскен.
Ағылшын үкіметінің жаңа басшысы Борис Джонсон келісім болса да, болмаса да Ұлыбритания 31 қазаннан қалмай Еуроодақ құрамынан шығады деп мәлімдеген.
Британ парламенті қазанның ортасына дейін демалысқа шығады.
Ұлыбританияда 2016 жылы маусымда өткен референдум қорытындысы бойынша, ел азаматтары мемлекеттің Еуропа одағы құрамынан шыққанын (Brexit) қалайтынын білдірген (сайлаушылардың 51,89 пайызы қолдап, 48,11 пайызы - қарсы дауыс берген).
Еуроодақтан шығуға қарсылық білдіруші азаматтар Brexit бойынша екінші референдум өткізуді талап етіп бірнеше рет шеру өткізген.
Дереккөз: Азаттық радиосы