АҚШ пен Үндістан сауда соғысының жаңа кезеңіне қадам басты. Тараптар арасындағы тартыс Құрама Штаттарының Қытаймен сауда соғысымен салыстырғанда, айтарлықтай жоғары емес. Дегенмен, ресми Уашингтон Нью-Делиге бірқатар экономикалық шаралар қабылдап үлгерді.
Мәліметтер бойынша, 2018 жылы Үндістан АҚШ-қа 80 миллиард долларға тауар экпорттаған. Оның тек 5 миллиардына баж салығы енгізілмеген. Кейіннен АҚШ әкімшілігі осы елден жеткізілетін алюминий мен құрышқа баж салығын көтерді және сауда жеңілдіктерінің күшін жойды. Үндістан да қарсы шараларға көшіп, АҚШ-тан импортталатын 28 тауарға баж салығын арттырған.
Бұл шамамен 220 миллион долларға бағаланған өнімдерге қатысты. Осыған қатысты мәлімдеме жасаған америкалық заңгер Манси Сет: «АҚШ-пен қатынастарында Үндістан сауда мәртебесінің өзгеруі неге әкелетінін ойлану керек. Сондай-ақ мемлекеттегі ішкі жағдайды түсіну де маңызды. Қайта сайланған премьер Нарендра Моди елде экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бар көңілін салып отыр. Сол себептен Amazon және Walmart жағынан бәсекеге түскен жергілікті компаниялардың мүдделерін қорғауы қажет. Екінші жағынан өзге де серіктестерімен, ең алдымен шетел инвесторларымен де қарым-қатынастарын бұзып алмауы қажет», – деді Politico басылымына.
Заңгердің айтуынша, Ақ үй басшысы Дональд Трамп сүт өнімдері немесе Харли-Дэвидсон мотоциклдері секілді америкалық тауарлардың бәсекелестігін қамтамасыз еткісі келеді. Ал өз кезегінде Үндістанда дәулеті төмен тұрғындарының көбісі ауыл шаруашылығымен айналысады. Сол себепті бұл саланың елде орны бөлек, үкімет сүт өндірушілердің мүдделерін қорғайды. Қазіргі уақытта Дональд Трамп үшін сайлау науқанына қызу дайындық басталып етті. Ал таяуда өткен сайлауда жеңіске жеткен Нарендра Моди жақтастарының мүдделерін қорғауға бар күшін салмақ. Сондықтан, екі ел арасындағы сауда тартысының ұзаққа созылатын түрі бар.
Дереккөз: qazaqtimes.com