Былтыр Джакартада өткен Паразиялық ойындарда екі алтын алқа жеңіп алған 29 жастағы жүзуші Ержан СӘЛІМГЕРЕЕВ 9-14 қыркүйек аралығында Лондонда өтетін Әлем чемпионатына аттанды. Бұл туралы 2016 жылдан бері Е.Сәлімгереевтің дайындығын қадағалайтын облыстық мүгедектер спорт клубының аға жаттықтырушысы Нұрлан ЖҰМАҒАЗИЕВ мәлімдеді.
- Биыл Ержан түрлі халықаралық және республикалық жарыстарда жеңіске жетуде. Маусым айында Италияның Линьяно қаласында өткен Әлем кубогында ол 4х50 метр эстафетада алтын алқа және 50 метрлік кешенді жүзуде күміс алқа жеңіп алды. Содан кейін Берлиндегі Әлем кубогында – еркін стильде 50 метр қашықтықта алтын алқа, баттерфляй стилінде 100 және 50 метр қашықтықта күміс және қола алқаларға қол жеткізді. Бұл жетістік Ержанға паражүзушілердің әлемдік рейтингінде 3-орынға жайғасуға мүмкіндік берді, - дейді жаттықтырушы. - Тамыз айында Ақтөбеде өткен ҚР Паралимпиада ойындарында Ержан баттерфляй стилінде 50 метр, еркін стильде 50 және 100 метр қашықтықта жүзіп, 3 алтын алқаның иегері болды.
- Ержанның Токиода 2020 жылы өтетін Паралимпиада ойындарына қатысатындығы жайлы не айтады?
- ҚР құрамасының жаттықтырушылар штабында Ержан осы чемпионатта бірінші немесе екінші орын алса, сол жаққа сөзсіз баратынын айтуда. Егер қазір бұл нәтижеге қол жетпесе, келесі жылы ол Германия мен Польшадағы лицензиялық әлем кубоктарына қатысады. Біз кез-келген нұсқаға дайындаламыз, жаттығу қарқынын бәсеңдетпейміз.
- Оның Лондондағы қарсыластары қаншалықты мықты?
- Әлемдік рейтингте Ержан қатысатын санатта қытайлық және колумбиялық спортшылар көш бастап тұр. Олардың жетістіктерін салыстыру қиын. Ержанның қолы мен аяғы жоқ, ал қытай жігітінің бір қолы жоқ, колумбиялық спортшы ергежейлі, бірақ екі қолы да, аяғы да сау. Есесіне біздің Ержанның жігері мықты, біз табысқа жетеміз деп сенеміз.
- Атырауда паражүзу спорты қалай дамуда?
- Біздің мүгедектер спорт клубында ҚР чемпионы болатын паражүзушілердің жаңа буыны өсіп келеді. Бұлар - Әділет Құрманғалиев, Асхат Махамбет, Құрманғазы Әбдімұратов және Екатерина Обратнова. Клубта сурдо жүзу (есту қабілеті нашар жүзушілер) тобы бар. Онда Ефим Астафин мен Анатолий Климов ең үздік нәтижелер көрсетіп жүр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ