Атырау, 21 желтоқсан 17:09
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

3 883 просмотра

БОКС


Петропавлда ардагерлер арасында бокстан ІІІ халықаралық «Ринг королі» турнирі өтті. КСРО спорт шебері Адик Бермешев Атырау облысының намысын қорғады. Рингте 35 жастан асқан 32 боксшы бақ сынады, ал 63 жастағы Адик аға - қатысушылар арасындағы ең жасы үлкені.

Алдын ала жекпе-жекте ол өзінен жиырма жас кіші қарсыласын айқын басымдықпен жеңді.

- Мен үшін бұл ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы жекпе-жегім еді, сондықтан толқыдым. Бәсекелесім мықты, шымыр жігіт. Осының алдында өте жақсы жұдырықтасты, оған қарап, бұл жігітпен шайқасу қиын болады деген едім... - дейді А. Бермешев.

Ал финалда ол 2004 жылғы Олимпиада ойындарына қатысушы нұр-сұлтандық Миржан Рахымжановпен жекпе-жекке шықты. Екінші раундта жекпе-жек астаналық өкілдің бастамасымен тоқтатылды. Комментаторлардың айтуынша, қарсыласы атыраулық шеберге жасының үлкендігін сыйлап, жеңісін берген. Бірақ кім біліпті?

А.Бермешев «Ринг королі» белдігімен және 150 мың теңге көлеміндегі сыйлықпен марапатталды.


ВОЛЕЙБОЛ

Отырып ойнайтын волейбол бойынша «Атырау» командасы қатарынан оныншы рет ел чемпионы атағын жеңіп алды.

Қызылорда қаласында 6 команданың қатысуымен ҚР чемпионаты өтті. Бапкер Бауыржан Тахауов бастаған «Атырау» командасы барлық ойындарда қарсыластарынан жеңіліп, сенімді түрде алтын алқаны жеңіп алды. Күміс алқа алаң иелерінің, ал қола алқа - ақтөбеліктердің еншісіне тиді.


ҮСТЕЛ ТЕННИСІ

Қалалық спорт бөлімі спорт ұйымдары арасында үстел теннисінен турнир ұйымдастырды. Оған 8 команда қатысты.

Бірінші орынды мүгедектер спорт клубының ұжымы, екінші орынды – БЖСМ-3, үшінші орынды - жоғары спорт шеберлігі мектебі (ЖСШМ) иеленді. Жеке жарыста ЖСШМ директорының орынбасары Есенгелді Пазылғалиев жеңімпаз атанды, мүгедектер клубының жаттықтырушысы Гүлнар Иманалиева екінші орынға ие болды, ал оның шәкірті, көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы Раушан Орынбаева үшінші орынға қол жеткізді.


ФУТБОЛ

«Судоремонтник» стадионында футболдан әуесқойлар арасында өткен Атырау қаласының чемпионатында «Нұрберген» командасы жеңіске жетіп, содан кейін Петропавлға ел біріншілігіне аттанды.

Ол жақта, өкінішке орай, атыраулықтар жүлделі орын ала алмады. Ал Алматы облысының «Қаскелең» командасы финалда 3:1 есебімен Қаратаудың «Игілік» командасын жеңіп, ҚР чемпионы болды.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

5 қыркүйек 2019, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.