Бұл күндері елімізде және Атырауда Қазақстан мұнайының 120 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Осы күндердің бірінде бүкіл мұнай серкелері қазақстандық мұнайшы, Батыс Қазақстан кен орындарын алғаш ашушы Сафи ӨТЕБАЕВТЫҢ ескерткішін салтанатты түрде ашу үшін Атырау мұнай және газ университетінің студенттік қалашығының аумағына жиналды. Айта кету керек, үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап университетке оның есімі берілген еді.
- Мұнайдың 120 жылдық мерейтойы халық арасында «мұнай атасы» деп аталып кеткен Сафи Өтебаевтың 110 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. 7 жасынан бастап ол Доссор мұнай кәсіпшілігінде жұмыс істеген ағасы Қалиға еліктеп өсіп, содан бері бүкіл өмірін мұнаймен байланыстырып, сауатты инженер, керемет ұйымдастырушы, талапшыл, бірақ әділетті басшы және қарапайым, ашық адам ретінде көпшіліктің есінде қалды, - деп атап өтті KAZENERGY қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұзақбай ҚАРАБАЛИН.
Сафи Өтебаев - Құлсары, Комсомольск, Прорва, Кеңқияқ, Қаратон, Мұнайлы, Жетібай, Өзен және басқа да кеніштерді алғашқы ашушы.
- Ол қиындығы көп учаскелерде - өндірісте, партиялық және мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істеді. 1938 жылы оның бастамасы бойынша Гурьевте республикадағы алғашқы мұнай өңдеу зауытын салу туралы шешім қабылданды, - деді «ЕмбіМұнайГаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ.
Ескерткішті белгілі қазақстандық мүсінші, еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ескен СЕРГЕБАЕВ пен мүсінші-дизайнер Алтай БИСЕНОВ сомдаған.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттерді түсірген автор