Мен ІІМ зейнеткерімін, әйелім декреттік демалыста. 5 баламыз бар, аз қамтылған отбасымыз. Үлкен қызым АМУ-да оқиды, биыл үшінші курсқа көшті. Екі жыл бойы оның оқу ақысын толық төледік, ал осы жылы оған жеңілдік тиесілі екенін кездейсоқ білдік. Бұрынғы әріптесім (ол да зейнеткер) біз сияқты 345 мың теңге емес, 245 мың төлейтінін айтты. Бізге оқу ақысын төлеуге жеңілдік бар ма?
Телефон арқылы
Х.Досмұхамедов атындағы АМУ-дің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректоры Ләйлә ҚОЙШЫҒҰЛОВА жауап береді:
- Қыркүйектің ортасына дейін оқу ақысын төлеу кезінде жеңілдікке үміткер студенттер тиісті құжаттарды факультет деканына тапсыруы тиіс. Жеңілдіктер беру туралы мәселені университеттің арнайы комиссиясы қарайды. Жетім балаларға 100%, I және II топтағы мүгедектерге 30-дан 50%-ға дейін, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан студенттерге 10-нан 50%-ға дейін жеңілдіктер қарастырылған. Қажетті құжаттар: ректордың атына өтініш, жеке бас куәлігінің көшірмесі, қызыңыздың біздің университетте оқитындығы туралы анықтама, сонымен қатар, аз қамтылған немесе көпбалалы отбасы екендігін растайтын анықтама.
Дайындаған З. Искалиева