Атырау, 24 қараша 09:09
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Шенділер жазаланды

4 077 просмотра


Атырауда Мемлекеттік қызмет істері департаментінің Әдеп жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Бірнеше қалалық және бір аудандық мемлекеттік құрылымдардың басшыларына қатысты тәртіптік істер қаралды. Қатаң сөгіс беруден бастап, толық емес қызметтік сәйкестік туралы ескертулерге дейін жаза берілді. Арасында бір қарағанда соншалықты сұмдық деуге келмейтін заң бұзушылықтар да бар.


ТЕКСЕРУ – САҒАТ 9-ДАН 6-ҒА ДЕЙІН

Махамбет аудандық ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының бастығы Айтқали ТӨЛЕГЕНОВКЕ малдарды тасымалдау кезінде ветеринарлық-санитарлық талаптарды бұзған Махамбет ауылының тұрғынына жазалау шарасын дұрыс таңдамағаны үшін «толық емес қызметтік сәйкестік туралы ескерту» беру ұсынылды: ауыл тұрғыны бұл бұзушылықты екінші рет жасаған, бірақ біріншідегі сияқты жазаланып, айыппұлды екі есе аз төлеген.

«Толық емес сәйкестік» Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан АРЫСТАНҒА да ұсынылады. Мемлекеттік сатып алулар жөніндегі конкурс нәтижесі бойынша оның техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін жылжымалы зертхананы қабылдағаны белгілі болды. Комиссия ұсынысы бойынша Атырау әкімінің орынбасары Шәкір КЕЙКИН мен қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Ерлан ҚАБДИНОВ қатаң сөгіс алады. Түсініктемелерінде олар кәсіпкерлердің бірінің жазғы кафесін лауазымды полицей Ерлан БИҒАМБАЕВПЕН бірге тексеруге барғандарын дәлелдегендей болған еді, бірақ кемшілігі - мұны жұмыс кезінен тыс уақытта жасаған.

Қатаң сөгіс қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Руслан ДӘУЛЕТОВКЕ де берілді: ол сәулет және қала құрылысы бөліміне кәсіпкердің жерді мақсатсыз пайдаланғаны туралы хат жолдапты, алайда бұл талапқа заңды негіз болмаған.




БІРІНШІ ПЕТР КЕЗІНДЕГІДЕЙ

Отырыста жыл басынан бері Атырау облысының жергілікті атқарушы органдарының 67,6% мемлекеттік қызметшілері меритократия (латынша «лайықтылар билігі» - жетекші лауазымдарды әлеуметтік шығу тегіне және қаржылық ауқаттылығына қарамастан анағұрлым қабілетті адамдар иеленуі тиіс) қағидаты сақталып, яғни, конкурс тәртібі бойынша жоғары лауазымдарға тағайындалғаны айтылды.

- Бүгінгі таңда кәсіби тәжірибесі бар әрбір мемлекеттік қызметші ішкі конкурстар институтының арқасында өзінің мемлекеттік органында ғана емес, сонымен бірге бүкіл ел бойынша мансаптық өсуге мүмкіндігі бар. Өз жұмысының қыр-сырын білу, өз міндеттерін сапалы орындау, үздіксіз білім алу және өзін-өзі дамыту - мансаптық өсу үшін жақсы баспалдақ, - деді Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент басшысы Расул МЕДЕТОВ.

Ол конкурстық комиссияның шешімімен келіспеген мемлекеттік қызметшінің шағымы бойынша, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасында жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, «Б» корпусының бос мемлекеттік лауазымына жұмысқа орналасуға конкурс өткізу ережелерінің бұзылғаны анықталғанын мәлімдеді.

Осы заң бұзушылық үшін конкурстық комиссияның төрт мүшесі қатар жазаланған: ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 99-ы бабының 1-тармағы бойынша (Бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға конкурстық іріктеу рәсімін бұзу) олардың әрқайсысына 75 750 теңге көлемінде айыппұл төлеген.

Фархат ӘБІЛОВ

Суретті түсірген автор

3 қыркүйек 2019, 11:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.