Атырау облысының прокуратурасы №3 интернат (тіл мүкістігі бар балаларға арналған), арнайы мектеп-интернат (көру және есту қабілеті нашар балаларға арналған) және мұнайлы астананың басқа да жалпы білім беру ұйымдарында мүмкіндігі шектеулі балалардың инклюзивті білім алу жағдайына тексеру жүргізді. Тексеру барысында жағаұстатарлық талай заң бұзушылықтар анықталды.
Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қызметкерлері ішкі санитарлық тазалық бөлмесін пайдаланып, мүгедек балаларды ғимараттан 20 метр жерде орналасқан даладағы дəретхананы пайдалануға мəжбүрлеген. Іс жүзінде істеп тұрған санитарлық тазалық бөлмесіне «Дəретхана істемейді! Су жоқ! Дəретхана далада!» деген жазулар жапсырылған. Сондай-ақ мекеме қызметкерлері медициналық тексерістен өтпестен мүгедек балалармен жұмыс жасаған. Жарты күн ғана жұмыс жасап, заңсыз толық жалақы алған.
Арнайы мектеп-интернатының бас есепшісі жалған құжаттарды пайдаланып, мүгедек балалардың экскурсиясына бөлінген бюджет қаражатын жымқырып алған.
Интернаттарда күн сайынғы түңгі ас және міндетті түрде берілу тиіс жемістер (жеміс-жидек, бутерброд және тәтті тағам) берілмеген.
Интернаттар мен кейбір мектептерде тәрбиешілері мен педагогтары жоғары оқу орнын аяқтағаны жөнінде жалған дипломды пайдаланып келген.
- Прокуратура қадағалау актілерін жасап, нәтижесінде 52 тұлға тәртіптік, 22 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 2 интернаттың қызметі тоқтатылды, сауықтыру қызметтерінің бағасы төмендетілді,- деп хабарлады облыстық прокуратура.
Фархат ӘБІЛОВ