31 тамызда «Мұнайшы» стадионында «Атырау» және «Ертіс» (Павлодар) командалары арасында футболдан ел чемпионатының 25-турының матчы өтті. Ойын нәтижесінде алаң иелері 0:3 есебімен ұтылды. «Ертіс» («Таразбен» бірге) біздің команданың осы маусым қорытындысы бойынша Премьер-лигада қалу құқығына бәсекелес екендігі белгілі. Жинақталып, қонақтарға нағыз ойынның қандай екенін көрсету керек еді, бірақ әу бастан ештеңе үйлеспеді.
4-минутта павлодарлық жартылай қорғаушы Марко СТАНОЕВИЧ алыстан доп соғып, есеп ашты. Бұл жерде қақпашы Антун МАРКОВИЧ қателесті, соққы ондай қатты емес еді. Әрі қарай одан сайын ушықты: 19-шы минутта «Атыраудың» жаңа ресейлік ойыншысы Виталий УСТИНОВ қақпашымен бетпе-бет кетпек болған меймандар шабуылшысы Карлос ФОНЗЕКУДЫ футболкасынан ұстап тоқтатты, төреші оған ереже бұзғаны үшін қызыл карта көрсетті. Өте өкінішті. Әрине, футболда ғажайыптар болады, он адаммен қарсы ойнап, қарсыластарынан басым түсетін жағдайлар кездеседі. Бірақ бұл жағдайда емес. Алаң иелері тырысып бағып, алға ұмтылды, бірақ нәтижелі шабуыл жасауға шеберліктері жетпеді. Матчтың қосымша минуттарында бүкіл команда есепті теңестіру үшін «Ертіс» қақпасын торуылдап, арт жақтарын мүлдем ашық қалдырып, опық жеді: меймандардың жартылай қорғаушылары Жереми МАНЗОРРО мен Патрик ХИДИ ұпай санын едәуір еселетті.
Осы матчтан кейін «Атырау» 18 ұпаймен турнир кестесінде соңғы орынның алдындағы 11-орынға жайғасты. 10-шы орындағы Таразда - 19 ұпай, Ертісте - 22 ұпай. Премьер-лигада қалу үшін маусым соңында үш команда арасында нағыз шайқас өрбуі мүмкін (біріншілікте аутсайдер болған «Ақтөбеден» үміт жоқ). Естеріңізге сала кетейік, чемпионат регламентіне сәйкес, соңғы екі команда жоғарғы дивизионнан кетеді, ал 10-шы команда Бірінші лигада үшінші орын алған командамен ойнайды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ