Бүгін, 1 қыркүйекте Нұрсая ықшамауданында жаңа заманғы талапқа сай салынған 900 орындық орта мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Мектеп директоры Жанаргүл АТЧИБАЕВАНЫҢ айтуынша, бүгінде білім ордасына 1237 оқушы тіркелген. Оның 163-і мектеп табалдырығын алғаш аттап отырғандар.
3 қабатты ғимаратта 300 орындық асхана, 300 орындық акт залы, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған екі спорт зал, сондай-ақ, бірнеше арнаулы жабдықталған сынып бөлмелері бар.
- Бұнда көбіне бұған дейін үш ауысымда оқып келген Нұрсаядағы №37 мектептің оқушылары тіркелген. Жалпы №40 мектеп екі ауысым бойынша 1800 бала қабылдай алады,- дейді мектеп директоры.
Мектептің ашылуына қатысқан Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВА ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап сәттілік тіледі:
- Бүгін Атырау қаласында екі мектеп жаңадан пайдалануға берілді. Соның бірі осы мектеп. Білім алушылардың саны облыста өткен жылы 123 063 болса, биыл 8181-ге өсті.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті және бейнежазбаны түсірген автор