ІХ шақырылымдағы Жоғарғы Рада «Украина Конституциясының 80-бабына өзгерістер енгізу туралы» (Украина халық депутаттарының құқығына қол сұғылмаушылық туралы) заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Укринформ агенттігіне сілтеме жасап.
Украина Конституциясының 80-бабына тиісті өзгертулер енгізуді қолдап 363 халық депутаты дауыс берді. Заң жобасын қабылдау үшін 226 депутаттың дауысы жеткілікті еді. №7203 заң жобасын VIII шақырылымдағы парламентте елдің бесінші президенті Петр Порошенко тіркеген болатын.
Оған сәйкес, парламент мүшелерін Жоғарғы Раданың келісімінсіз қылмыстық жауапкершілікке тартуға, ұстауға, абақтыға қамауға болмайды деген бөлім 80-баптан алынып тасталады. Осылайша, Конституцияның 80-бабында халық депутаттары парламенттегі дауыс беру немесе сөз сөйлегені үшін заң алдындағы жауапкершілікке тартылмайды деген норма ғана сақталады. Заң 2020 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді деп жоспарланған.
Дереккөз: Inform.kz