Биылғы көктемде Атыраудан әскер қатарына шақырылып, Қарағанды облысының Приозерск қаласында борышын өтеп жатқан 21 жастағы сарбаз жүрегіне тиген оқ жарақатымен Приозерскіде орналасқан Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің әскери госпиталіне түсті.
Оқиға №44841 әскери бөлімінің аумағында болған. Жараланған сарбазды әріптестері тауыпты. Әскери дәрігерлер шұғыл операция жасаған. Зардап шегушінің жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр.
Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде оның бауыры Рахман ҚУАНЫШЕВТІҢ үндеуі тарап жатыр. Оның айтуынша, бұл өзін-өзі өлтіру әрекеті емес - қаруды ұқыпсыз қолдану кезінде оқ атылған екен.
Атырау облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мәліметінше, сарбаз Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген, отбасымен Атырауға көшіп келген.
Фархат ӘБІЛОВ
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ
Приозерск қаласының негізі 1956 жылы қаланған, тұрғындары – Сары-Шаған зымыранға қарсы кеңестік қорғаныс жүйелері сынақ полигонының әскери және азаматтық қызметкерлері.
КСРО ыдырағаннан кейін қол жеткен келісімдерге сәйкес, полигон нысандарының бір бөлігі Ресей Федерациясына 50 жылға жалға беріліп, Ресейдің зымыранға қарсы және әуе шабуылына қарсы жаңа жүйелерін жетілдіру және әзірлеу үшін пайдаланылуда. Полигон болған кезде құрылған инфрақұрылымды ҚР Қарулы Күштері әскери бөлімдерді орналастыру үшін және әскери күштердің түрлі салаларының мамандарын дайындайтын орталық құру үшін ішінара пайдаланды.