Атырау облысында қанша алимент төлеуші бар? 6494 адам. Олардың ішінде алимент төлей алмайтын 302 адам бар, олар жұмысы, баспанасы, жағдайы жоқ адамдар. Бірақ жақсы табыс тапса да, алимент төлеуден жалтаратын әкелер де бар. Осы туралы сөйлесу үшін Республикалық жеке сот орындаушылар палатасының төрағасы Ернар ИБРАЕВ Атырауға келген еді. Жұмыс мәжілісіне облыс әкімі Н.НОҒАЕВ та қатысты.
Бір борышкер-алимент төлеушінің 2 миллион теңгеден асатын бережағы жиналып қалса да, оның «LandCruiser» көлігін айдап жүргені әкімнің ашуын келтірді.
- Төлемейтіндер тізімінде алименттер сомасы да көрсетілген, көпшілігінде бережақтары екі миллионнан үш миллион теңгеге дейін, - деді Нұрлан Ноғаев. – Бірақ сол адамның жақсы баспанасы, көлігі бар, ал ол жылдар бойы алимент төлемейді. Демек, сот орындаушылар дұрыс жұмыс істемейді. Міне, тізімнен қымбат көліктері бар борышкерлерді де көріп отырмын. Неліктен көлікті тәркілемеске? Пәтер мен үй де бар. Алиментті осылай өндіруге болмай ма?
Е. Ибраев мұны мақұлдады. Бірақ тәжірибелі конспиратор секілді мекенжайын үнемі өзгертіп тұратын жалтарушыны табу қиын екен. Көбінесе полиция алимент төлеушіні дұрыс іздемейді де, сот орындаушыларына олардың мекенжайларын кешіктіріп хабарлайды.
Әкім облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Берік АМАНГЕЛДИЕВКЕ қарады.
- Сіздерде адамды немесе көлікті табу үшін барлық құрал, техника, камералар, мәліметтер базасы бар. Базадан қарау қиын ба? Әлде бұл сот орындаушыларының алимент төлеушілермен жұмыс істеуге қызығушылығының жоқтығында ма? – деді әкім сот орындаушылары палатасының басшыларына қарап. - Оларға әрқайсысына 1 АЕК-тен төленетін 10 алименттен гөрі үлкен қарызды өндірген тиімдірек қой. Егер оларда алименттер бойынша рейтинг төмен болса, лицензияны қайтарып алу керек, - деп ұсыныс айтты әкім.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор