28 тамызда Нұрмұхан ЖАНТӨРИН атындағы облыстық филармонияда «Жомарт жүрек» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға үнемі көмек көрсетіп жүретін кәсіпкер Айбар ЖАНИЯЗОВ «Жыл меценаты» деп танылды. Бұдан басқа, Жаниязов церебральды сал ауруына және аутизмге шалдыққан балаларға арнап жеке ат клубында тегін курстар ұйымдастырған.
Жыл тұлғасы» номинациясында «Gaz stroy montazh KZ» ЖШС құрылтайшысы Ерлан ТАБЫЛДИЕВ жеңімпаз болды. Атап айтқанда, ол «Мұнайшы» стадионындағы футбол алаңының төсемін ауыстыру кезінде демеушілік жасады. Қала күні қарсаңында ашылатын Авангард-Жилгородок көпірінің астында скейт-парк ашылады, оның құрылысын «Gaz stroy montazh KZ» ЖШС қаржыландырған.
- Мен скейт-парк балалар мен жастардың бос уақыттарын өткізетін жаңа орынға айналатынына және қаламыз үшін жаңа спорт түрі - скейтбордингтің дамуына бастау болатынына сенімдімін, - деді Атырау қаласының әкімі Әлимұхаммед ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ.
«Туған өлке» номинациясында «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымы жеңіске жетті. Компания қызметкерлері жарылыстардан зардап шеккен Арыс қаласындағы аз қамтылған отбасылардан шыққан 400-ден астам оқушылар үшін мектеп киім-кешектерін сатып алып, табыстады. Сонымен қатар, осы жылдың мамыр-маусым айларында компания ұжымы бір күндік жалақыларын аударып, облыстың Құрманғазы, Исатай, Мақат, Қызылқоға және Жылыой аудандарындағы көп балалы отбасыларға 3 пәтер мен 5 үй сатып алып, сыйға тартты.
«Жылдың үздік ұйымы» номинациясы бойынша «Жүректен жүрекке» қайырымдылық қоры жеңімпазы болды. Қор еріктілері 17 акция ұйымдастырып, 20-дан астам қайырымдылық шаралар өткізді, сонымен қатар 5 ірі жобаны жүзеге асырды.
«Ерен еріктілік» номинациясында 2008 жылдан бері жедел медициналық жәрдем станциясына қол ұшын беріп келе жатқан танымал ерікті Арман ҚАСЫМОВ жеңімпаз атанды («АЖ» ол туралы жазған еді). Арман биыл өз жақтастарын жинап, «103» еріктілер командасын құрды.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор