ПАРАЖҮЗУ
Ақтөбеде өткен ҚР Параолимпиада ойындарында атыраулық жүзушілер 7 алтын және 1 күміс алқа жеңіп алды.
Пара Азия ойындарының жеңімпазы Ержан Сәлімгереев баттерфляймен 50 метр, еркін стильмен 50 және 100 метр жүзу бойынша 3 алтын алқаның иегері атанды.
Атырау құрамасындағы 2018 жылғы Пара Азия ойындарының тағы бір жеңімпазы Дмитрий Ли де жоғары дәрежелі марапаттарды жеңіп алды – 100 және 400 метр еркін стильде және 100 метр арқамен жүзу бойынша алтыннан алқа тақты.
Әділет Құрманғалиев 50 метр қашықтыққа баттерфляй стилінде жүзіп алтынға, 100 метр қашықтыққа арқамен жүзу стилі бойынша күміс алқаға ие болды. Спортшыларды жаттықтырушы Нұрлан Жұмағазиев дайындады.
ФУТБОЛ
Ташкентте 2008 жылғы жасөспірімдер арасында «Мустакиллик кубогы» атты халықаралық турнир өтті.
«Бунедкор» өзбек футбол клубының жаттығу базасында өткен турнирге 16 команда қатысты. «Атырау» футбол орталығының командасы үшінші орынға ие болды. «Бунедкор» командасы жеңімпаз атанды, екінші орын «Қайрат» (Алматы) ФО-на бұйырды. «Атырау» командасын бапкерлер Жамбыл Сағынаев пен Наурызғали Сариев дайындады.
ХОККЕЙ
24 тамызда Алматыда хоккейден Қазақстан кубогы аяқталды.
3-орын үшін болған матчта «Бейбарыс» жергілікті «Алматы» клубын 3:0 есебімен жеңді, ал финалда өскемендік «Алтай Торпедо» петропавлдық «Құлагерден» 3:2 есебімен басым түсті.
Матчтан кейін өткен баспасөз мәслихатында «мәмлүктердің» бас бапкері Владимир КЛИНГА былай деп атап өтті: - Команданы, жанкүйерлерді, клуб басшылығын қола алқа үшін құттықтағым келеді. Алдағы уақытта қателіктермен жұмыс жасауымыз керек. Кезекті ҚР чемпионатына әлі уақыт бар. Турнирге дейін команданың ойын тәжірибесі аз болғандығы әсер етті. Біз тек бір ойыннан ұтылдық, негізгі уақытта тең ойнап, буллиттан есе жібердік.
КҮРЕС
Қызылорда облысының Жаңақорған ауылында 1999-2000 жылғы жастар арасында белдесіп күресуден ҚР чемпионаты өтті.
Дода өте тартысты өтті. Оған қыркүйек айында Қазан қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысу үшін ұлттық құрамаға мықтылар іріктелді.
Бапкер Асылбек Қалиев жетекшілік ететін Атырау құрамасы абыроймен өнер көрсетті. 82 келіге дейінгі салмақта Нұржан Байбосынов күміс, ал Жұмабек Жолдасқалиев (62 келіге дейін) пен Шынар Сүйіндікова (73 келіден жоғары) қола жүлдеге ие болды.
*****
Жаңаөзенде қазақ күресінен Қазақстан мұнайының 120 жылдығына арналған командалық республикалық турнир өтті.
Командалар арасындағы матчтық кездесулер түріндегі жарысқа еліміздің барлық мұнайлы аймақтарынан ұлттық стильдегі палуандардан құралған 8 команда қатысты. Бапкер Айбек Серғазиев бастаған Атырау құрамасы екінші орынға ие болды.
Алдын ала турда Атырау командасы 5:0 есебімен Маңғыстау облысының жастар құрамасын, Ақтау командасын және турнир қожайындарын жеңді. Финалда Атырау құрамасы Маңғыстау облысының ересектер құрамасынан 3:2 есебімен есе жіберді.
Атырау командасының құрамында өнер көрсеткен палуандар: Бекет Жүніс, Әділбек Айтқали (60 кг дейін), Нұрболат Ізімғалиев, Әділет Құлшым (66 кг дейін), Наурызбек Майлашев, Сағат Ғазимов (74 кг дейін), Думан Мүтіш, Дулат Багенов (82 кг дейін) және Руслан Ізғалиев (82 кг жоғары).
******
Қостанайда құлағы нашар еститін спортшылар арасында күрестің барлық түрлері бойынша ҚР чемпионаты өтті. Бұл жерде атыраулық палуан Әлібек Құсайынов ерекшеленді.
Керемет техника мен жеңіске деген жігерін көрсеткен Әлібек грек-рим күресінде 82 кг дейінгі салмақта күміс, ал еркін күрестен 86 кг дейінгі салмақта қола алқа жеңіп алды.
КАРАТЕ
Шымкентте жасөспірімдер мен жастар арасында карате-додан Қазақстан чемпионаты өтті.
16-17 жас тобында 55 келі салмақта Руслан Бекзат алтын алқа, 61 келіге дейінгі салмақта Нұрсұлтан Қалиев күміс алқа және қыздар арасында 53 келіге дейінгі салмақта Айеркем Сәрсенбайқызы қола алқа жеңіп алды. 18-21 жас тобында 50 келіге дейінгі салмақта Жанетта Мұхитова да қола алқа жеңіп алды.
******
Түркияның Ризе қаласында жасөспірімдер мен жастар арасында карате-додан халықаралық турнир өтті.
Атырау құрамасы екі жүлде иеленді. Нұрсұлтан Қалиев күміс, Руслан Бекзат қола жүлдегер атанды. Спортшыларды жаттықтырушы Болат Ізбасқанов дайындады.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ