Атырауда «Ембімұнайгаз» АҚ Қазақстан мұнайының 120 жылдық мерейтойын кең көлемде тойлауды бастап кетті. Осы мерекеге орай ембілік мұнайшылар арасында күрестен «Мұнайшылар барысы» ұйымдастырылып, келесі күні велошеру өтті.
«НАМЫСТЫ ҚОЛДАН БЕРМЕЙМІЗ!»
Айта өту керек, қазақ күресінен «Мұнайшылар барысы» тек қана Атырауда емес, Қазақстанда алғаш рет өтті. Алдымен кен орындарында қызмет ететін мұнайшылар арасынан іректеу болып, ақтық сынға жолдама алған 22 мұнайшы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің базасындағы «Жайық» спорт кешенінде жайылған боз кілемде күресті. Өзара мықтыны анықтайтын спорт шарасына қатысқан балуан-мұнайшылардың салмағы 90 келіден жоғары болды.
- Биыл тек қана облысымыз үшін ғана емес, еліміз үшін үлкен мереке. Осыдан 120 жыл бұрын «Ембімұнайгаз» АҚ-ның аумағындағы «Қарашүңгіл» кен орнынан алғашқы мұнай атқылады. Содан бері мұнай – еліміздің экономикасының тірегіне айналды. Үлкен тойды сәуір айынан бастап кеттік. Солардың бірі – ембіліктердің арасында өтіп жатқан «Мұнайшы барысы». Бүгінгі ұйымдастырылған шарамыз тек мұнайшылардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, ұлттық дәстүрімізді ұлықтайды,- деп атап өтті «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ.
Балуандар дәстүрлі салмақ өлшеу рәсімінен соң, жеребе суырып, өз қарсыластарын анықтады.
Дүбірлі додада спортшы мұнайшылар өздерінің шеберліктерін көрсетіп, әдіс-айлаларымен төрешілердің көңілдерінен шығып жатты. Мәселен, «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының мұнай өндіру және айдау цехінің шебері Аян Тайжанов қарсыласын 24 секундта құлатып, финалға жолдама алды. «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында оператор болып қызмет ететін Мұхаммедрахим Оралбеков те қарсыласын белінен көтеріп қадап, 22 секундта жеңіске жетті.
- Бұл қазақ күресінің өзіндік рекорды,- дейді екі бірдей рекордқа бағасын берген төреші.
Салмағы жағынан бәрінен басым түскен 115 килограммдық мұнайшы Бағдат Өтежанов та қарсыластарына дес бермей, кейін ұпай санымен ұтылып қалды.
Ақтық сында белдескен 6 балуан-мұнайшылардың бәсекелесті белдесуі қызықты болып, «Мұнайшылар барысының» белдігін Аян Тайжанов еншіледі.
- Бүгінгі спорт бәсекесі өте қызықты әрі тартысты болды. Қарсыластарым да жақсы дайындалған екен. «Ембімұнайгаз» АҚ-да тек қана еңбек нәтижесі мен қауіпсіздігіне жоғары көңіл бөліп қоймай, мұнайшылардың спортпен шұғылдануына бар жағдай жасап жатыр. Кен орынымызда футбол мен волейболдан жарыстар өткізіліп тұрады. Бүгінгі жеңісімді ембілік мұнайшылардың мерекесіне арнаймын,-деп қуанышымен бөлісті Аян.
Барлық қатысушыларға «Ембімұнайгаз» АҚ атынан естелік сыйлықтар табыс етіліп, Тайжанов 250 мың теңгені, ІІ орын иеленген Мұхаммедрахим Оралбеков 150 мың теңгені, ІІІ орынды қанжығасына байлаған «Қайнармұнайгаздың» мұнай және газ өндіру операторы Ерлан Амангелдиев пен «Жылыоймұнайгаздың» ұңғымаларды жерасты жөндеу бригадасының операторы Жаңабай Мұхтаров 100 мың теңге иеленді.
Сондай-ақ, қазақша күрестен болған боз кілем тартысын тамашалаған мұнайшы ардагерлер де құрметтен тыс қалмады. Ақсақалдарға арналып дастархан жайылып, құрмет көрсетіліп, өз кезегінде ақсақалдар мұнайшыларға бата берді.
«СПОРТ-ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ»
Келесі күні де ұлы той жалғасын тапты. 24 тамызда Қазақстан мұнайының 120 жылдығына орай алғаш рет велошеру өтті. Салауатты өмір салтын насихаттайтын бұқаралық шараға 150 ембілік мұнайшы қатысты.
Таңғы 8-ден бастап жиналған мұнайшылар мұнайлы астана көшелерімен жүріп, барлық атыраулықтар мен қала қонақтарын ұлы тоймен құттықтаған мұнайшыларды қала халқы жылы қабылдып, келесі жылғы мерейтойға бірге қатысуға ниет білдірді.
Жәнібекбай ТӨЛЕГЕНОВ, «Ембімұнайэнерго» басқармасының басшысы:
- Бүгінгі велошеруге біздің басқармадан 18 қызметкер қатысып отыр. Барлық ембілік мұнайшылар осы шараға белсене қатысып, тек қана ел экономикасына ғана емес, салауатты өмір салтын насихаттауға да өз үлестерін қосады деп ойлаймын.
Қазақстан мұнайының 120 жылдығының аясында «Ембімұнайгаз» АҚ бірнеше мерекелік шараларды сәтті өткізіп, мұнайшыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды жалғастыра бермек. Осыған дейін мұнайшылар арасында спартакиада, Атырау қаласының «Сарықамыс» мөлтек ауданындағы №33 орта мектептің оқушыларына ашық сабақ, «Менің бақытты балалық шағым» атты компания қызметкерлерінің балалары арасында шығармашылық сайыс, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-на қарасты еншілес мекемелері арасында спартакиада, «Үздік маман» сайысы, «Каспий самалы» мұнайшылар қалашығында Компанияға қарасты барлық басқармалар жастары арасында «Брейнг-ринг» интелектуалдық ойыны өтті.