Атырау, 27 қараша 12:33
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +4
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

​​Қытай 16 елдің журналисіне Шыңжаңдағы лагерьлерді көрсетті

3 927 просмотра


Қытай мемлекеттік кеңесінің ақпарат бөлімі 17-23 тамызда Шыңжаң өлкесіне 16 елден 20 журналист шақырып, Қашқар мен Ақсудағы тәрбиелеу орталықтарын көрсеткен. Шыңжаңға барғандардың арасында Ауғанстан, Ресей, Бангладеш, Түркия, Жапония, Пәкістан журналистері бар. Бұл туралы 25 тамызда Қытайдың орталық телевидениясына (CCTV) сілтеме жасап, Reuters ақпарат агенттігі хабарлады.

Қытай билігі тілшілерге арнайы медиа семинар ұйымдастырып, Шыңжаң қаласын аралатқан.

"Журналистер Шыңжаңдағы ауыл-аймақтың дамуы мен экологияны қорғау жұмыстарына таң қалды. Тілшілер Қашқардағы ескі қалашыққа барып, жөнделген үйлер мен дүкендерді көрді. Бұл үйлер жөнделсе де, мемлекеттің қаржысының арқасында ұлттық нақышын сақтап қалған" деп мәлімдеді CCTV.

"Шыңжаңда тұрып жатқандарға ұлттық, діни шараларға тыйым салынбаған. Осындағы мұсылмандар, имамдар, жергілікті тұрғындармен сөйлескенімізде олар Шыңжаңда ешқандай қысым жоғын айтты" деді Бангладештен келген журналист Мұстафа Камал CCTV арнасына.

CCTV хабарлауынша, журналистер Ақсудағы қайта тәрбиелеу орталығына барып, кинотеатр, сурет салу бөлмесін, психологиялық көмек орталығын көріп, "студенттердің қызыққа толы өміріне куә болған".

Пекин бұл жолғы журналистер семинарына Шыңжаңдағы лагерьлерді сынап жүрген Батыс елдерінің тілшілерін, БҰҰ өкілдерін шақырған жоқ.

2017 жылы көктемінде Шыңжаң аймағындағы аз ұлттар қысым көріп, олардың кейбірі лагерьлер қамалып жатқаны айтыла бастаған. БҰҰ Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарында" миллионға жуық адам "еркінен тыс" қамауда отырғанын, олардың арасында ұйғырлар мен қазақтар барын мәлімдеген.

Қазақстанның бірнеше қаласында азаматтар жиналып, "Шыңжаңда жақындарымыз қысым көріп жатыр, лагерьде отыр, Қазақстанға өте алмайды" деген. Олар Қазақстан билігінен, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Шыңжаңдағы лагерьлер Қытайдың ішкі мәселесі, онда қамауда отырған қазақтар Қытай азаматы" деген. Кейін министрлік Пекинмен келіссөз жүргізіп, Шыңжаңнан бергі бетке өте алмай қалған қазақтардың мәселесі шешіліп жатқанын айтқан.

Қытай үкіметі басында саяси тәрбиелеу орталықтарының барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин Шыңжаңдағы саясатын "экстремизмге қарсы шара" деп атап, адамдар еркінен тыс отырған лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын " орталықтар деп түсіндірген еді. БҰҰ мен Батыс елдері Пекиннен Шыңжаңға кіруге бірнеше рет рұқсат сұраған. Бірақ Қытай Батыс елдерінің өкілдерін Шыңжаңға шақырмай отыр.

Биыл шілдеде Жапония, Австралия, Ұлыбритания, Канада, Франция, Германия, Швейцария бастаған 22 елдің БҰҰ-дағы елшілері БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесіне Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын араласуды сұрап, хат жазған. Олар Шыңжаңдағы діни азшылықтар қамауда отырған лагерьлердегі қысымды айыптаған.

Кейін 37 елдің БҰҰ-дағы елшілері ұйымның Адам құқығы кеңесіне хат жолдап, Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын қолдайтынын мәлімдеді. Олардың қатарында Ресей, Сауд Арабиясы, Беларусь, Тәжікстан, Түркіменстан бар.

Дереккөз: Азаттық радиосы


26 тамыз 2019, 15:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.